
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде оқушылар арасында жол-көлік жарақатының алдын алу және жаңа оқу жылында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды.
Жиында балалардың мектепке және мектептен үйге дейінгі жолдағы қауіпсіздігі, білім беру ұйымдарының маңындағы жол инфрақұрылымының жағдайы, сондай-ақ оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтегеннің айтуынша, жыл басынан бері балалардың қатысуымен 324 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан бес бала қаза тапқан. Дегенмен, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қаза болған балалар саны екі есеге азайыпты.
Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп жатыр. Жаңа оқу жылында 137 автобус күн сайын 12 546 баланы мектептерге тасымалдауды қамтамасыз етеді. Балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында автобус паркін кезең-кезеңімен жаңартылмақ.
«Балалардың мектепке және мектептен үйге дейінгі жолдағы қауіпсіздігі сөзсіз басымдық болуы тиіс. Проблемалы учаскелерді анықтаумен ғана шектелмей, барлық кемшілікті жедел жою қажет. Мектептерді қажетті жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етіп, оқушыларды тасымалдайтын көлік мәселесін тұрақты бақылауда ұстау керек. Бүгінде балалар жолдың жүру бөлігіне шығуға мәжбүр болып отырған учаскелерге назар аудару қажет. Бұл мәселелердің барлығы әкімдіктер мен жауапты қызметтердің тұрақты бақылауында болуы тиіс», – деп атап өтті өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zher/press/news/details/1289024?lang=ru

Жауап қалдыру