
2026 жылғы 4 қыркүйекте Амангелді аудандық мәслихатының бюджет, экономика, заңдылық пен құқықтық тәртіп және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес «Амангелді селосында жергілікті полиция қызметінің қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан жұмыстары мен алға қойған міндеттері туралы» мәселе қаралды.
Аталған мәселе бойынша Амангелді ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны А.Е. Ещанов баяндама жасап, аудан аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың деңгейін төмендету, тұрғындармен профилактикалық жұмыстарды күшейту, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Тұрақты комиссия отырысына комиссия мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық бөлімдердің басшылары, Амангелді ауылдық округінің әкімі және аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері қатысты. Отырыс барысында депутаттар мен комиссия мүшелері баяндама бойынша бірқатар сұрақтар қойып, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, түнгі рейдтердің тиімділігі, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайы, жол белгілерін жаңарту және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Атап айтқанда, депутат Жанат Хайроллаұлы Сыздықов ауылдық жерлерде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің, оның ішінде мектеп оқушыларының мотоциклдер мен мопедтерді басқару жағдайлары жиі кездесетінін айтып, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейту, ата-аналармен және білім беру ұйымдарымен бірлескен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Депутат Мерей Дүйсенбекұлы Қалибеков ауылдық округтердегі жол белгілерінің талапқа сай орнатылуы, олардың жеткіліктілігі мен дұрыс орналастырылуы мәселесін көтеріп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол белгілерін түгендеп, қажетті жерлерге жаңадан орнату жұмыстарын жандандыруды ұсынды.
Өз кезегінде аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлыбек Бөгетбайұлы Әлмағамбетов аудан орталығында кезең-кезеңімен орнатылып жатқан бейнебақылау камераларының тиімділігіне, олардың қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолақтарының талапқа сай болуы, әсіресе білім беру ұйымдарының маңындағы қауіпсіздікті күшейту мәселесіне назар аударып, кәмелетке толмағандардың, оның ішінде мектеп оқушыларының түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.
Тұрақты комиссия мүшелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың және тұрғындардың бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Осыған байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын одан әрі жетілдіру, профилактикалық іс-шараларды күшейту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты талқылаудың қорытындысы бойынша тұрақты комиссия тиісті қаулы қабылдап, аудандық полиция бөліміне бірқатар ұсынымдар берді.
Аудандық мәслихат қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді тұрақты бақылауда ұстап, алдағы уақытта да тұрақты комиссия отырыстарында қарауды жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-amangeldi/press/news/details/1288972?lang=ru

Жауап қалдыру