Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың азаматтарды жеке қабылдауы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-бабына сәйкес, Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев аудан тұрғындарын жеке қабылдады.
Қабылдауға келген тұрғындар – Бөкей Раушан, Сейдалиева Күлжан, Төленова Гүлмира, Ибраева Гүлжамал және Абдрахманова Роза тұрғын үй салуға арналған жер кезегін тұрғын үй кезегіне ауыстыру, жас құрақшылар мектебін ашу және Шардара қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Әкім тұрғын үй салуға арналған жер учаскесіне кезекке қою Қазақстан Республикасының Жер кодексімен реттелетінін түсіндірді. Аталған мәселе бойынша азаматтың ұлы Д. Абдували 2012 жылғы 23 ақпанда №2935 кезек нөмірімен жер кезегіне тіркелгені айтылды. Сонымен қатар, жер кезегін тұрғын үй кезегіне ауыстыру заңнамамен қарастырылмағанын, себебі бұл екі түрлі мемлекеттік қызметтің әртүрлі заңнамалық актілермен реттелетінін жеткізді.
Сондай-ақ, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес тұрғын үй кезегіне қою және тұрғын үй бөлу қызметтері «Отбасы банк» АҚ құзыретіне берілгені түсіндірілді. Қазақстан Республикасының кәмелетке толған, соңғы бес жыл ішінде өз атына тұрғын үй тіркелмеген кез келген азаматы Orken.Otbasybank.kz порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен тұрғын үй кезегіне тұра алатыны айтылды.
Жас құрақшылар мектебін ашу туралы ұсынысқа байланысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Өнер орталығының» базасында 2027 жылдың басынан бастап құрақшылар бөлімін ашу бағытында жұмыстар жүргізілетіні хабарланды. Бөлім ашылған жағдайда ұсыныс иесіне тиісті ақпарат берілетін болады.
Көпқабатты тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі бойынша аудан әкімі қазіргі таңда коммуналдық меншіктегі 13 көпқабатты тұрғын үйді газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жоба «Магнат Строй KZ» ЖШС-мен жасалған 2025 жылғы 30 қыркүйектегі №38 келісімшарт негізінде іске асырылуда. Оның аясында Астана №7 және Әл-Фараби №17А көпқабатты тұрғын үйлеріне құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 80 пәтер табиғи газға қосылған. Әл-Фараби №15А тұрғын үйі бойынша жұмыстардың 95 пайызы орындалған. Сонымен қатар, тағы 6 көпқабатты тұрғын үйге сыртқы газ құбырлары тартылып, 50 пәтерге ішкі газ желілері жүргізілген.
Алайда, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесіне байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұрғаны айтылды. Аудан әкімі аталған мәселенің заң талаптары мен белгіленген тәртіп аясында кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізіп, тұрғындардың барлық сауалына заңнама негізінде нақты түсіндірме берді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1290508?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді