Шардарада ірі инженерлік жоба толық аяқталып, халық сапалы ауызсуға қол жеткізді.

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы жоғары жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
2026 жылғы 31 шілдеде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуларымен Тама–Тастанбек жерасты су көзінен Шардара қаласына тартылған «Шардара» топтық ауыз су құбырының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Бұл – Шардара ауданының әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамытудағы аса маңызды жобалардың бірі. Жаңа су жүйесінің іске қосылуы аудан тұрғындарының ұзақ жылдар бойы күткен мәселесінің шешімін табуына мүмкіндік берді.
Жобаны жүзеге асырылуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI және VII шақырылым депутаты болған Ержан Құдайберген Төлепұлы, VIII шақырылым депутаты Балабиев Қайрат Рахымұлы, VII және VIII шақырылым депутаты Иса Қазыбек Жарылқасынұлы, сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Серманизов Бахытжан Қыпшақбайұлы және жобаға атсалысқан барлық тиісті сала мамандары өз үлестерін қосты.
Шардара ауданының әкімдігі аталған азаматтарға аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды қолдағаны және халық игілігі жолында атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіреді.
Бұған дейін Шардара қаласының негізгі ауыз су көзі 1983 жылдан бері пайдаланылып келген Шардара су қоймасынан алынатын ашық су жүйесі болатын. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған бұл жүйе техникалық жаңғыртуды қажет етіп, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұрды.
Осыған байланысты Шардара–Байырқұм жерасты су кен орнының Тама–Тастанбек учаскесіндегі табиғи жерасты су қорын тиімді пайдалану арқылы заманауи ауыз су жүйесін салу жобасы қолға алынды.
Жоба аясында: тереңдігі шамамен 185 метр болатын 14 ұңғыма бұрғыланды; оның ішінде 12 ұңғыма тұрақты пайдалануға, 2 ұңғыма резервтік мақсатқа қарастырылды; тәулігіне 24 мың текше метрге дейін ауыз су өндіру мүмкіндігі жасалды;
жалпы сыйымдылығы 11 мың текше метр болатын су жинақтау резервуарлары салынды; ұзындығы 39,28 шақырым магистральдық су құбыры тартылды; сорғы станциялары, электрмен жабдықтау желілері, тазарту және залалсыздандыру қондырғылары іске қосылды; автоматтандырылған басқару және бақылау жүйелері енгізілді.
Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша Тама–Тастанбек жерасты суының сапасы қолданыстағы санитариялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Жаңа су жүйесі Шардара қаласының 30 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде қала маңындағы 22 елді мекенді аталған жүйеге кезең-кезеңімен қосу жоспарланып отыр.
Жобаның табысты жүзеге асуына Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының ұйымдастырушылық жұмысы мен тұрақты бақылауы да маңызды рөл атқарды. Арман Романұлы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін әлеуметтік дамудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып, жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде үйлестірді.
Жобаны іске асыру барысында Шардара аудан әкімдігі Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарымен, Түркістан облысының әкімдігімен, Су ресурстары және ирригация министрлігімен, мердігер ұйымдармен және жауапты мекемелермен бірлескен жұмыстар жүргізді. Құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда болып, туындаған мәселелерді жедел шешуге бағытталған нақты ұйымдастырушылық шаралар қабылданды.
Өзі туып-өскен өңірдің перзенті ретінде Қарсыбаев Арман Романұлы ауданның әлеуметтік мәселелерін терең түсініп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына ерекше жауапкершілікпен қарады. Таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің ұзақ жылдар бойы шешімін күткенін ескере отырып, бұл жобаның толық аяқталуы үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуіне күш салды.
Нәтижесінде, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдардың, Түркістан облысы әкімдігінің, депутаттық корпустың және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында Шардара қаласының тұрғындары сапалы әрі қауіпсіз ауыз суға қол жеткізді.
Бұл жоба – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты жемісі әрі Шардара ауданының әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезең. Ал аудан әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жалғастыра береді.
Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Романұлы тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың ауыз су сапасына қатысты ұсыныстары мен өтініштерін назарға алып, жауапты мекемелермен бірлесіп шешу жолдарын қарастырды.
Тама–Тастанбек жерасты су көзінен тартылған «Шардара» топтық ауыз су құбыры – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Бұл жоба Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет ететін стратегиялық маңызы бар нысан ретінде аудан тарихында ерекше орын алады.
Шардара ауданының әкімдігі аталған жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдіреді және бұл нысан аудан тұрғындарының игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенім білдіреді.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1290480?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді