
Өткен жылы Мейірбек Ибрашев отбасымен бірге Тараздан Қарағанды облысының Саран қаласына қоныс аударды. Ол өмірінің жаңа кезеңін басқа өңірде бастау туралы шешімді ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысу арқылы қабылдаған.
Бүгінде Мейірбек жаңа ортаға сәтті бейімделіп, өз орнын тапты. Оның айтуынша, қоныс аудару кезінде Мансап орталығы мамандарының көрсеткен көмегі маңызды рөл атқарған.

— Мансап орталығының көмегімен Тараздан Саран қаласына қоныс аудардым. Алғашқы күннен бастап орталық қызметкерлері көшуге қатысты барлық мәселені шешуге көмектесті. Көп ұзамай Саран қаласының ауруханасына жұмысқа орналастым. Әлеуметтік мәселелердің барлығы да шешілді — маған баспана беріліп, жұмысқа орналастым, — дейді Мейірбек Ибрашев.
Жаңа жерде ол денсаулық сақтау саласындағы жұмысын жалғастырды. Оның міндетіне медицина қызметкерлерінің жұмысын бақылау кіреді.
Мейірбек үшін қоныс аудару жай ғана тұрғылықты жерін ауыстыру емес, кәсіби тұрғыдан жүзеге асуға және жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік болды. Оның пікірінше, мұндай бағдарламалар дамуға ұмтылатын әрі өзгерістен қорықпайтын жас мамандар үшін аса маңызды.
— Жастарға оңтүстік өңірлерден солтүстік және орталық облыстарға қоныс аударудан қорықпауға және алаңдамауға кеңес беремін. Мұнда жұмыс істеуге, кәсіби тұрғыдан өсуге және лайықты өмір сүруге мүмкіндік бар. Ең бастысы — алға ұмтылуға деген ниет болуы керек, — дейді Мейірбек.
Қазақстандағы ерікті қоныс аудару бағдарламасы еңбек күші артық өңірлерден еңбек ресурстарына қажеттілік бар аймақтарға қоныс аударатын азаматтарды қолдауға бағытталған. Бағдарламаға қатысушыларға жұмысқа орналасу, баспанамен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларын алу және жаңа ортаға бейімделу мәселелері бойынша көмек көрсетіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1290091?lang=ru

Жауап қалдыру