
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыруға, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды ынталандыру мақсатында ағымдағы жылғы 11 қыркүйекте «Тіл жанашыры – 2026» облыстық конкурсының марапаттау рәсімі өткізілді.
Аталған конкурстың ережесіне сәйкес қоғамның түрлі саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған оқыту бағдарламалары мен авторлық жобалардың, ғылыми жұмыстардың авторлары, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген облысымыздың өңірлерінен тіл мамандары, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.
Қатысушылардан түскен материалдар мен құжаттарды тіл ғалымдары мен тілшілерден тұратын қазылар алқасының құрамы қарастырып, талдап, номинация иелерін анықтады.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға үлес қосқан Баянауыл ауданының «Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Сейсенбек Мұсабек Сейсенбекұлы «Тіл жанашыры» номинациясымен, Екібастұз қаласының №35 мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кожамбердина Виктория Николаевна «Тіл майталманы» номинациясымен және «Ертіс медиа» ЖШС-нің Aiqara.kz ақпараттық порталының шеф-редакторы, ақын Оралқанов Айбек Тілеубекұлы «Тіл жаршысы» номинациясымен марапатталды.
Барлық қатысушылар мен жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-archive/press/news/details/1290101?lang=ru

Жауап қалдыру