ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН 40 СПОРТШЫ ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында ХХ Жазғы Азия ойындары өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында Түркістан облысының 40 спортшысы спорттың 14 түрінен ел намысын қорғайды.
Өңір спортшылары байдарка және каноэде есу, академиялық есу, жүзу, триатлон, бадминтон, әйелдер күресі, таеквондо, гандбол, баскетбол 3х3, волейбол, садақ ату, дзюдо және каратэден лицензия жеңіп алған.
Атап айтқанда, байдарка және каноэде есуден – 5, академиялық есуден – 6, жүзуден – 1, триатлоннан – 1, бадминтоннан – 2, әйелдер күресінен – 2, таеквондодан – 1, гандболдан – 10, баскетбол 3х3-тен – 2, әйелдер волейболынан – 2, садақ атудан – 1, дзюдодан – 1 және каратэден 1 спортшы жарыс жолына шығады.
Түркістан облысының спортшылары арасында халықаралық додаларда тәжірибесі бар, ел намысын талай мәрте абыроймен қорғаған спортшылармен қатар, құрлықтық бәсекеде алғаш рет бақ сынайтын жас спортшылар да бар.
Өңірде бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, спортшылардың шеберлігін арттыруға және халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен спорт саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа спорт нысандарын салуға және қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға басымдық берілуде.
Соңғы жылдары өңірде спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беретін заманауи нысандардың қатары артып, спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне және кәсіби тұрғыда дайындалуына қажетті жағдай жасалды. Бұл жұмыстар Түркістан облысының спорттық әлеуетін арттырып, халықаралық аренада өңір атынан өнер көрсететін спортшылардың қатарын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, Түркістан облысының спортшылары Пара Азия ойындарына да қатысады. Бұл додаға өңірден 5 спортшы спорттың үш түрінен лицензия алған. Олар пара дзюдо, пара жеңіл атлетика және пара жүзуден сынға түседі.
Пара дзюдодан Қалмырза Бексұлтан, Оңалбек Бағланбек, Сейілбекова Ақтолқын, пара жеңіл атлетикадан Айтмырзаев Мұқан, пара жүзуден Рахманберді Сәулет ел намысын қорғайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1289530?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді