
Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Е. С. Исмагуловпен зейнеткерлік жас алдындағы қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері туралы бриффинг өткізді.
Егде жастағы қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын сақтау мәселесінің ерекше әлеуметтік маңызы бар. Көп жылдар бойы еңбек қызметін жүзеге асырған адам үшін зейнеткерлік жасқа жақындау көбінесе зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерімен ғана емес, сонымен қатар жұмысын, тұрақты табысын және әлеуметтік кепілдіктерін сақтау қажеттілігімен байланысты.
Бұл ретте мынаны атап өту қажет: «зейнеткерлік жас алдындағы» жасқа жетудің өзі қызметкердің еңбек құқықтарын шектеуге немесе оны жұмыстан шығаруға негіз болып табылмайды.
Бұл ретте еңбек заңнамасында, мысалы, зейнетке шығуына екі немесе үш жыл қалған әрбір қызметкер автоматты түрде қосымша кепілдіктердің бірдей жиынтығымен «зейнеткерлік жас алдындағы» жеке мәртебесіне ие болады деген әмбебап норма белгіленбеген.
Еңбек шартын тоқтатуға ерекше назар аудару қажет.
Еңбек кодексінде еңбек қатынастарын тоқтатудың нақты негіздері көзделген. Жұмыс беруші жұмыстан шығарудың себебі ретінде жай ғана: «қызметкер зейнеткерлік жас алдындағы жасқа жетті» деп көрсете алмайды.
Сонымен бірге Еңбек кодексінде қызметкердің зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты еңбек шартын тоқтатудың арнайы негізі көзделген.
Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес, қызметкер Әлеуметтік кодексте белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде еңбек шартын бұзуға жол беріледі.
Бұл ретте Еңбек кодексінің 53-бабының 9-тармағында маңызды кепілдіктер көзделген: жұмыс беруші қызметкерді еңбек шарты бұзылатын күнге дейін кемінде бір ай бұрын хабардар етуге, сондай-ақ еңбек шартымен, ұжымдық шартпен және (немесе) жұмыс берушінің актісімен айқындалатын мөлшерде өтемақы төлеуге міндетті.
Демек, мыналарды нақты ажырату қажет:
«зейнеткерлік жас алдындағы» жас – адам әлі зейнеткерлік жасқа жеткен жоқ;
зейнеткерлік жас – Әлеуметтік кодексте белгіленген жас мөлшерінің басталуы, оған жеткен кезде еңбек шартын тоқтатудың тиісті негізі қолданылуы мүмкін.
Іс жүзінде жиі кездесетін мәселелердің бірі – «зейнеткерлік жас алдындағы» қызметкерлерді штаттың қысқартылуына байланысты жұмыстан шығару.
Қызметкердің «зейнеткерлік жас алдындағы» жаста болуының өзі штаттың қысқартылуына абсолютті тыйым салынғанын білдірмейді.
Алайда жұмыс беруші Еңбек кодексінде көзделген рәсімді қатаң сақтауға міндетті.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің қолданыстағы 54-бабына сәйкес, зейнеткерлік жасқа жетуіне екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлер үшін ерекше кепілдік белгіленген. Оларды Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссияның оң шешімінсіз еңбек шартын бұзуға болмайды.
Мұндай қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа дейін екі жылдан аз уақыт қалған адамдар жатады.
Мысалы, нақты жағдайда қызметкердің зейнеткерлік жасы 63 жасты құрайтын болса, арнайы кепілдік 63 жасқа толуына екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерге қолданылады.
Бұл ретте ұжымдық шартта, келісімде немесе нақты жұмыс берушіге қолданылатын өзге де нормативтік құжаттарда белгіленген қосымша кепілдіктерді ескеру қажет.
Егде жастағы қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің маңызы зор.
Қызметкердің қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға, сондай-ақ еңбек жағдайлары туралы толық және дұрыс ақпарат алуға құқығы бар.
Егер денсаулық жағдайы белгілі бір жұмысты орындауға кедергі келтірсе, мәселе жұмыс берушінің субъективті пікіріне емес, медициналық қорытындыға негізделіп шешілуі тиіс.
Бұл ретте мынаны есте сақтау қажет: қызметкер белгілі бір жасқа жеткендіктен ғана оны автоматты түрде еңбекке жарамсыз деп санауға болмайды.
Егер қызметкер өзінің құқықтары бұзылды деп есептесе, оның заңда көзделген құқықтарын қорғау тәсілдерін пайдалануға құқығы бар.
Еңбек кодексі қызметкердің жұмыс берушінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға және өз құқықтарын заңнамада тыйым салынбаған барлық тәсілдермен қорғауға құқығын тікелей көздейді.
Қорытындылай келе, бірнеше принципті мәселеге назар аударғым келеді.
«Зейнеткерлік жас алдындағы» қызметкер – еңбек заңнамасында көзделген барлық құқықтары мен міндеттеріне ие еңбек қатынастарының толыққанды қатысушысы.
Жасы кемсітушілікке негіз бола алмайды. Еңбек кодексінің 6-бабы еңбек саласында жасына байланысты кемсітуге тікелей тыйым салады.
«Зейнеткерлік жас алдындағы» жасты зейнеткерлік жаспен теңестіруге болмайды. Зейнеткерлік жасқа жақындаудың өзі жұмыс берушіге еңбек шартын тоқтатуға құқық бермейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/trud-astana/press/news/details/1289956?lang=ru

Жауап қалдыру