
Облыс әкімі Болат Ақшолақов Исатай ауданының тұрғындарымен кездесуден соң азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Аймақ басшысына 30-дан астам исатайлық өз мәселесімен жүгінді. Олардың қатарында баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, мал бағуға қосымша жер телімін бөлу, денсаулық сақтау және ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу бар.
Қабылдауға алғашқылардың бірі болып көпбалалы ана келді. Ол өзінің баспана кезегінде екенін, бірақ әзірге жалдамалы пәтерақысын төлеу отбасына қиын соғып тұрғанын айтты. Болат Ақшолақов “Отбасы банк” өкілдеріне жалға алу ақысының 50%-ын субсидиялау бойынша құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді тапсырды.
Келесі тұрғын аудан жастарының спортпен айналысуына және дамуына қосымша мүмкіндік беретін жаңа спорт кешенін салу жөнінде мәселе көтерді. Болат Ақшолақов “Теңізшевройл” ЖШС-нің 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы шеңберінде 150 орындық жаңа спорт кешенін салу жоспарда бар екенін атап өтті.
Әкімге жүгінген тағы бір тұрғын өзінің шаруа қожалығын дамытуға Таңдай ауылынан жер телімін бөлуге көмек сұрай келді. Болат Ақшолақов ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына мәселені шешуге ықпал етуді және белгіленген тәртіппен жер телімін беру мүмкіндігін қарастыруды жүктеді.
Өңір басшысы әр өтінішке мұқият ден қойып, барлық сұрақ заңда көзделген тәртіп бойынша қаралатынын атап өтті. Кей мәселелер қабылдау кезінде-ақ шешімін тапты.
Болат Ақшолақов облыстық басқарма басшылары мен аудан әкіміне қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша тапсырмалар беріп, әрқайсысының жай-жапсары мен ерекшелігіне мән беру керегін айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1290633?lang=ru

Жауап қалдыру