
Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға атаулы әрі жеке әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы әлеуметтік қызметкерлерге арналған практикалық әдістемелік нұсқаулық әзірлеп жатыр.
АСБ адамның қарым-қатынас жасауына, әлеуметтік ортадағы әрекетіне, мінез-құлқына және қоршаған ортаны қабылдауына әсер етуі мүмкін. АСБ бар әр баланың өзіндік ерекшелігі, қабілеті және қолдауға деген қажеттілігі болады. Сондықтан әлеуметтік жұмыста әр бала мен оның отбасына жеке көзқараспен қарау маңызды.
Әзірленіп жатқан нұсқаулық – отбасылармен күнделікті жұмыс істейтін мамандарға арналған практикалық құрал. Онда әр отбасының жағдайы мен сұранысын ескере отырып, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға көмектесетін түсінікті алгоритмдер мен ұсынымдар қамтылады.
Атап айтқанда, нұсқаулықта отбасымен алғашқы әңгімелесуді өткізу алгоритмі, оның негізгі қажеттіліктері мен сұранысын анықтау бойынша ұсынымдар, отбасының күшті жақтары мен қолда бар ресурстарын бағалау тәсілдері, сондай-ақ алдағы қадамдарды бірге жоспарлауға арналған құралдар ұсынылады. Әлеуметтік қызметкерлердің бейінді мамандармен өзара іс-қимылына және көрсетілген қолдаудың нәтижесін бағалауға да ерекше назар аударылады.
Негізгі қағидалардың бірі отбасымен серіктестік орнату. Баланың ерекшелігін, оның қарым-қатынас жасау тәсілдерін, күнделікті қажеттіліктерін және қандай қиындықтарға тап болатынын ата-анасы мен жақындары жақсы біледі. Сол себепті маман отбасының тәжірибесі, мүмкіндіктері мен қолда бар ресурстарына сүйене отырып, алдағы қадамдарды отбасы мүшелерімен бірге айқындауы қажет.
Қазіргі уақытта Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс істеу тәжірибесін зерттеуде. Мамандар қолданыстағы тәсілдерді талдап, ата-аналар мен әлеуметтік қызметкерлердің қажеттіліктерін, сондай-ақ күнделікті жұмыста қолдануға болатын практикалық құралдарды анықтауда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-enbek/press/news/details/1291060?lang=ru

Жауап қалдыру