
Шардара ауданы әкімдігі әлеуметтік желілердегі пікір білдіру, ұсыныс айту, сұрақ қою және мемлекеттік органдарға шағым жолдау азаматтардың заңмен және Конституциямен кепілдік берілген құқықтары екенін назарларыңызға салады.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 1-тармағына сәйкес, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады.
Сонымен қатар, Конституцияның 23-бабының 1-тармағында сөз еркіндігіне кепілдік берілген. 23-баптың 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік құпияларды қоспағанда, ақпаратты еркін алу және тарату құқығы заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады.
Алайда Конституцияның 23-бабының 4-тармағына сәйкес, сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге және қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.
Конституцияның 35-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініш жолдауға құқығы бар.
Ал Конституцияның 36-бабының 1-тармағына сәйкес, әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Осыған байланысты азаматтардың әлеуметтік желілерде:
• мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты сын-пікір айтуға;
• сұрақ қоюға;
• ұсыныс енгізуге;
• мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты шағым білдіруге;
• өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды талап етуге;
заңмен кепілдік берілген құқықтары бар.
Сын айту, сұрақ қою, ұсыныс білдіру немесе шағым жасау өздігінен құқық бұзушылық болып табылмайды.
Сонымен бірге пікір білдіру кезінде басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, заң талаптарын сақтау қажет.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде:
• көрінеу жалған мәліметтерді таратпауға;
• басқа адамдарды қорламауға және олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуге;
• қорқытуға, өшпенділік пен араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге жол бермеуге;
• қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер жасамауға;
• сын мен ұсыныстарды мүмкіндігінше нақты, әдепті және конструктивті түрде білдіруге шақырамыз.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабында жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтерді тарату үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.
Аталған бапта мұндай әрекетті көпшілік алдында немесе масс-медиа не телекоммуникациялар желілері арқылы жасауға қатысты да жауаптылық көзделген. Бұл ретте 73-3-бап бойынша әкімшілік іс жүргізу жәбірленушінің арызы негізінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабында ұсақ бұзақылық үшін жауаптылық көзделген. Аталған бап қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиісу және қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын өзге де осындай әрекеттерге қатысты қолданылады.
Осыған байланысты ӘҚБтК-нің 434-бабын әлеуметтік желідегі кез келген сын-пікірге, сұраққа немесе жағымсыз пікірге автоматты түрде қолдануға болмайды. Әрбір нақты жағдай оның мазмұнына, жасалу тәсіліне және заңда көзделген құқық бұзушылық белгілерінің болуына қарай жеке бағаланады.
Құрметті тұрғындар!
Әлеуметтік желілердегі сын-пікірлер, ұсыныстар мен өтініштер мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығын арттыруға және анықталған мәселелерді шешуге ықпал ететін маңызды кері байланыс құралы болып табылады.
Осыған орай Шардара ауданының әкімдігі тұрғындардың заңды сын-пікірлерін, ұсыныстары мен өтініштерін ашық қабылдауға және оларды қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен қарауға дайын екенін білдіреді.
Заңды сын — қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды құрал.
Пікір білдіру еркіндігі мен басқа адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеу — қатар сақталуға тиіс конституциялық қағидаттар.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1291002?lang=ru

Жауап қалдыру