
Биыл Түркістан қаласында 6 865 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. 9 айға белгіленген 6 069 жұмыс орнының орнына 8 219 жұмыс орны құрылып, жоспар 135,4%-ға орындалды.
Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Жиында Өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері қаралды.
Мансап орталығының мәліметінше, тұрақты жұмыспен қамту бойынша 9 айға 3 083 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, нақты 3 407 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған.
«10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағыты бойынша 9 айға 1 159 орын жоспарланып, нақты 2 844 жұмыс орны ашылды. Көрсеткіш 245,4%-ды құрады. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 1 756 азамат қамтылып, жоспар 110,1%-ға орындалды.
Ұлттық жобалар аясында жоспарланған 19 жобаның барлығы іске асырылып, нәтижесінде 136 жаңа жұмыс орны құрылды.
Мәжілісте инвестициялық жобалардағы жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударылды. «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы 13 инвестордың жобаларында 2 441 штаттық бірлік қарастырылған. Қазіргі таңда 518 азамат жұмысқа орналасқан.
Қала әкімі жауапты сала басшыларына инвестициялық жобалар бойынша жұмысты күшейтуді, бос жұмыс орындарын Enbek.kz жүйесіне уақтылы енгізуді, жұмыс орындарының нақты іске қосылуын қамтамасыз етуді және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1290712?lang=kk

Жауап қалдыру