
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні – халық денсаулығын қорғау жолында саналы ғұмырын арнаған мамандардың еңбегін еске алып, алғыс білдіретін ерекше күн. Осындай білікті мамандардың қатарында санитариялық қызмет саласында 40 жылға жуық еңбек өтілі бар, тәжірибелі маман Балмаханова Қалтай Серікбайқызы да бар.
Мамандық таңдаған кезде Қалтай Серікбайқызы адамдарға көмектесуді мақсат етіп, халықтың денсаулығы мен санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған жауапты саланы таңдады.
1980 жылы мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының санитария, гигиена және эпидемиология факультетіне оқуға түсіп, 1986 жылы оқуын аяқтады.
Институтты тәмамдағаннан кейін 1986-1989 жылдары облыстық клиникалық ауруханада еңбек етті. 1994 жылы Қарағанды қаласының сол кездегі Ленин аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында жұмысын бастады. Кейінгі үш жыл ішінде санитариялық нұсқаушы, дәрігер-эпидемиологтың көмекшісі және дәрігер-эпидемиолог қызметтерін атқарып, кәсіби тәжірибесін шыңдады.
1997 жылдан 2002 жылғы наурыз айына дейін Қарағанды қаласының өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық қызметінде санитариялық дәрігер болып жұмыс істеді.
2003-2011 жылдары Октябрь аудандық санитариялық қызмет басқармасының коммуналдық бөлімінде бас маман қызметін атқарды. 2011 жылы Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық санитариялық қызмет басқармасындағы еңбек жолын жалғастырды. Қазіргі уақытта Қалтай Серікбайқызы эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтегі жалпы еңбек өтілі 40 жылға жуық.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін Қалтай Серікбайқызының еңбегі бірнеше рет Құрмет грамоталарымен атап өтілді. Атап айтқанда, 2006 жылы – Октябрь ауданының әкімі, 2010 жылы – Октябрь аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының басшысы, 2020 жылы – Қарағанды қаласының әкімі, 2021 жылы – Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, ал 2024 жылы – Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы тарапынан марапатталды.
Еңбек жолы барысында Қалтай Серікбайқызы туберкулез, сібір жарасы, құтыру және басқа да аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға елеулі үлес қосты.
Қалтай Серікбайқызын Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күнімен құттықтай отырып, ұзақ жылдар бойғы еңбегі, кәсібіне деген адалдығы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. 40 жылға жуық кәсіби еңбек жолы – жауапкершілікке, біліктілікке және өз ісіне деген адалдыққа толы үлкен жол. Мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық, бақ-береке, молшылық және қуаныш сыйлайтын жарқын сәттер тілейміз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1292216?lang=ru

Жауап қалдыру