Қазақстан мен Әзербайжан Каспийде жолаушылар қатынасын жандандырмақ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Баку халықаралық теңіз портының (Алят порты) бас директоры Эльдар Салаховпен кездесу өткізді.

Алят порты — Бакудан оңтүстікке қарай 70 км жерде орналасқан Каспий теңізіндегі Әзербайжанның басты заманауи теңіз логистикалық торабы. Порт Еуропаны, Кавказды, Орталық Азияны және Қытайды байланыстыратын Орта дәліздің негізгі буыны саналады.

Кездесу барысында тараптар қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының көлік-логистика саласындағы ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Алят порты мен қазақстандық Ақтау және Құрық порттары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, контейнерлік тасымалдарды қоса алғанда, тасымалданатын жүк көлемін ұлғайту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Елші Ә. Байел Қазақстанның Құрық порты ­­­­­­— Баку порты — Құрық порты паром желісінде жолаушылар тасымалын жандандыру бастамасын қолдағаны үшін әзербайжан тарапына алғыс айтты. Тоқтатылғанға дейін Каспий теңізі арқылы жолаушылар тасымалын жылына шамамен 1500 жолаушы пайдаланған. Қазақстандық дипломат алдағы кезеңде осы бағыт бойынша саяхат жасауды қалайтындар одан да көп болатынына сенім білдірді. Паром желісінің қайта іске қосылуы екі ел арасындағы жолаушылар қатынасының дамуына серпін береді, туристік алмасуды күшейтеді және Орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Өз кезегінде Э. Салахов Баку портының қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтіп, екі елдің порт операторлары, логистикалық ұйымдары және басқа да құрылымдарының күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Жолаушылар тасымалын қайта бастауға қатысты бұл бағыттағы жұмыстың қазақстандық әріптестермен тығыз байланыста басталып кеткенін хабарлады.

Елші Ә. Байел сондай-ақ әзербайжан тарапын бұрын елдеріміз қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес Алят портында бірлескен интермодалды терминалдың құрылысын жеделдетуге шақырды. Э. Салахов аталған терминалдың құрылысы бойынша ағымдағы жағдай туралы хабарлап, Баку портын дамытудың бас жоспарын жаңарту аяқталғаннан кейін аталған нысанның құрылысын пысықтау жұмыстары басталады деп күтілетінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруды қолдауға және тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-baku/press/news/details/1292041?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді