Қазақстан мен Корея Республикасы орман шаруашылығы және орман көміртегі жобалары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сеул қаласында өткен министрлер деңгейіндегі орман форумына қатысу аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.К. Шарбиев пен Корея орман қызметінің министрі Пак Ын Сик (Park Eunsik) арасында екіжақты кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Ормандарды қалпына келтіру және орман өсіру, орман ресурстарын басқарудың заманауи технологияларын енгізу, орман питомниктерін дамыту, сондай-ақ орман көміртегі жобаларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар климаттық жобаларды іске асыру кезінде халықаралық ынтымақтастық тәсілдерін қолдануды көздейтін Париж келісімінің 6-бабы шеңберіндегі өзара іс-қимыл перспективалары жеке қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Корея Республикасының Орман қызметі, Азия орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында орман шаруашылығы, орман көміртегі және Париж келісімінің 6-бабына сәйкес ынтымақтастық тәсілдері саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум салынған папкалармен алмасу рәсімі өтті.

Меморандум үш тараптың орман шаруашылығы және климат салаларындағы практикалық ынтымақтастығын кеңейтуге негіз қалайды. Құжат ормандарды орнықты басқару, ормандарды қалпына келтіру және орман өсіру, орман экожүйелерінің көміртекті сіңіру көлемін арттыру, сондай-ақ бірлескен орман көміртегі жобаларын әзірлеу және іске асыру бағыттарындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді.

Қазақстан үшін Париж келісімінің 6-бабының тетіктерін қолдана отырып, бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі ерекше маңызға ие. Бұл ормандарды құру және қалпына келтіру жобаларына халықаралық климаттық қаржыландыру мен инвестициялар тарту мүмкіндігін пысықтауға, сондай-ақ орман шаруашылығына заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қол жеткізілген уағдаластықтар орман алқаптары мен қорғаныштық жасыл екпелерді кеңейтуге, шөлейттену мен жердің тозуына қарсы күресуге, сондай-ақ өңірдің климаттық орнықтылығын арттыруға бағытталған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік бастамасын ілгерілету тұрғысынан маңызды.

Аталған бастама шеңберінде орман көміртегі жобаларын әзірлеу және іске асыру да көзделеді. Бұл халықаралық серіктестерді, заманауи технологиялар мен климаттық қаржыландыруды тартуға қосымша мүмкіндіктер береді.

Меморандум сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасы мамандары арасында тәжірибе алмасуға, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға және отандық мамандардың орман шаруашылығы мен орман көміртегі жобалары саласындағы әлеуетін арттыруға жағдай жасайды.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Қазақстан аумағында, оның ішінде «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшуге мүдделі екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1292195?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді