
Шымкентте өткен жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрт саны 35,8%-ға азайған. 2025–2026 жылғы жылыту маусымында қала аумағында 70 өрт тіркелсе, 2024–2025 жылғы кезеңде бұл көрсеткіш 109 болған. Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өрттен қаза болғандар саны екі есеге, жарақат алғандар саны 5,5 есеге төмендеген.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Олжас Қырықбаев мәлімдеді.
Өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларының негізгі бағыты тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізуге бағытталды. Өткен жылыту маусымында қала бойынша 6 632 тұрғын үй араланып, 18 983 тұрғынға өрт қауіпсіздігі және көміртек тотығынан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде қауіп тобына жататын 1 208 әлеуметтік осал отбасы ерекше назарға алынды.
Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде тұрғын үй секторындағы өрт саны өткен маусыммен салыстырғанда 109-дан 70-ке дейін, яғни 39 жағдайға азайған. Өрт салдарынан қаза болғандар мен жарақат алғандар санының да төмендеуі қауіпсіздік талаптарын түсіндіру және халықпен мекенжайлық жұмыс жүргізудің маңыздылығын көрсетеді.
Сонымен қатар, жүргізілген талдау қайғылы жағдайлардың негізгі себептері ауа температурасының күрт төмендеуі, жылыту пештері мен жабдықтарының ақаулығы және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы екенін көрсетті.
Осыған байланысты 2026–2027 жылғы жылыту маусымында профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейту жоспарланып отыр. Негізгі басымдық — өрттің алдын алу, көміртек тотығынан улану жағдайларына жол бермеу және адам өмірін сақтау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1292304?lang=ru

Жауап қалдыру