Вокзалдан әуежайға дейін: Көлік полицейлері «Tarlan Astana» LRT желісінде жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көліктегі полиция департаментінің LRT объектілеріндегі полиция бөлімінің қызметкерлері «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік нысандарындағы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Баршаға мәлім, жалпы ұзындығы 22 шақырымнан асатын LRT желісі елорданың негізгі көлік тораптарын, яғни, теміржол вокзалынан әуежайға дейінгі аралықты байланыстырады.

Астана станциясындағы Көліктегі полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Беслан Нациевтің айтуынша, LRT-ның 18 станциясының әрқайсысында көлік полицейлері ауысыммен кезекшілік атқарады.  Сонымен қатар, күн сайын қосымша полиция жасақтары пойыздар қозғалысы барысында вагондарды толық аралап, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Тәуліктік кезекшілік құрамына кинолог-инспекторлар да кіреді. Олар қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен вагондар мен станцияларды тексереді.

Оның айтуынша, күн сайын жеңіл рельсті көлік қызметін орта есеппен 70 мыңға жуық азамат пайдаланады. Жолаушылар ағынының жоғары болуына байланысты қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында белгіленген тәртіп ережелерін сақтау бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда, техникалық құралдар белсенді қолданылады, атап айтқанда, бейнебақылау мен дабыл жүйелері, шұғыл байланыс бағандары пайдаланылады. Қазіргі уақытта әр вагонда сегіз бейнебақылау камерасы орнатылған, тағы екі камера жылжымалы құрамның сыртқы бөлігіне орналастырылған.

«Осы мерзім ішінде, LRT нысандарында 3 қылмыс тіркеліп, олардың барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сонымен қатар 37 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жиі орын алатын құқық бұзушылықтар деп ұсақ бұзақылық пен қоғамдық орындарға алкогольдік масаң күйінде келу фактілерін айтуға болады. Аталған тұлғалар өз әрекеттерімен қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Осыған байланысты LRT нысандары қауіптілігі жоғары объектілердің қатарына жататынын еске саламыз. Мұнда мас күйінде болу жолаушының өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіреді», – деп атап өтті ол.

Жуырда «Әуежай» станциясында полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде болған азаматты анықтап, ұстады. Ер адам өзін әдепсіз ұстап, айналасындағылардың назарын аударған және осылайша қоғамдық тәртіпті бұзған. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Көлік полициясы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, жолаушыларға ұмыт қалдырған заттарын тауып, қайтаруға да көмектеседі. Елордадағы LRT іске қосылғаннан бері 200-ден астам жоғалған зат иелеріне қайтарылды.

Біз «City Transportation Systems» ЖШС және тиісті қызметтермен бірлесіп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз», – деп толықтырды сөзін полиция подполковнигі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1292229?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді