Атырау облыстық мәслихатының ХХV сессиясында маңызды мәселелер қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгінгі өткен Атырау облыстық мәслихатының кезекті ХХV сессиясына мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Бақыт Каметов төрағалық етті.
 
Сессия жұмысына Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудандық мәслихаттардың төрағалары, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары қатысты.
 
Сессия барысында аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева облыстық мәслихат депутатының бос мандатына «Ақ жол» партиясынан ұсынылған Алмаз Сабыровты таныстырып, оған депутат куәлігі мен төсбелгісін табыстады.
 
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы болды. Бұл мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева баяндама жасады.
 
Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылы Атырау облысы бойынша кірістер 790,7 млрд теңге көлемінде жоспарланып, 798,3 млрд теңгеге орындалған. Оның ішінде салықтық түсімдер 216,2 млрд теңгені, салықтық емес түсімдер 16,2 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 85,2 млн теңге көлемінде орындалды. Трансферттер бойынша жоспарланған 615,4 млрд теңгенің 565,9 млрд теңгесі түскен.
Атырау қаласы бюджеті кірістерінің жоспарлы көрсеткіштерінің орындалмауына байланысты облыстық бюджетке бюджеттік алып қоюлар толық көлемде аударылмаған. Игерілмей, республикалық бюджетке қайтарылған қаражат көлемі 473,4 млн теңгені құрады. Бюджет қаражатының игерілуіне байланысты бірқатар жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
 
Сондай-ақ Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Мәселе бойынша Тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Болат Анжанов есепті таныстырып, жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелеріне тоқталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімі 16 564,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 108 пайыз болды. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыстың үлесі 10,4 пайызды құраған. Облыстық бюджет түсімдері 100,2 пайызға орындалып, 804,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 86,6 млрд теңгеге жоғары.
Бағдарлама әкімгерлеріне бюджет түсімдерін жоспарлау сапасын арттыру, бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін қамтамасыз ету, аяқталмаған құрылыс нысандарына басымдық беру, инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде орындалуын бақылауды күшейту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсыным берілді.
 
Күн тәртібіндегі мәселелер түске дейін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында алдын ала талқыланды. Депутаттар бюджет қаражатын тиімді игеру, құрылыс нысандарын уақытылы аяқтау, Атырау қаласында саябақ салу жобасы және экологиялық мәселелер бойынша сұрақтар қойып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
 
Сессия барысында облыс әкімдігінің дербес құрамына өзгерістер енгізу, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жоспарына өзгерістер енгізу, «Атырау қаласында қалалық саябақ салу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау, сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамын бекіту, «Облыстың құрметті азаматы» атағын берудің қағидаларын бекіту және мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамдарына қатысты мәселелер қаралды.
 
Сессия соңында облыс әкімі Болат Ақшолақов өңірді дамытудың алдағы басым бағыттарына тоқталды.
Өңір басшысы қызметке кіріскеннен кейінгі екі ай ішінде аудандарды аралап, проблемалық нысандарды зерделеп, енді тұрғындармен кездесу басталғанын атап өтті. Өңірдегі кәріз жүйесі, жерасты сулары, Ерік-Мостовой каналы, аяқталмаған құрылыс нысандары, автомобиль жолдары және экологияға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жоспарларымен бөлісті.
 
Сонымен қатар, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуде бюджет қаражатымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударып отырғандығын және ауыл шаруашылығын дамыту, өңір экономикасын әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту және халық үшін маңызды жобаларды сапалы іске асыру бағыттары айтылды.
Облыс әкімі өңірді дамытуда мәслихат депутаттарымен бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, ортақ міндеттерді жүйелі әрі нәтижелі іске асыруға сенім білдірді.
 
Сессияның күн тәртібіндегі барлық мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1292372?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді