Целиноград ауданында кезекті әкімдік отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Целиноград ауданында аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлының төрағалығымен кезекті әкімдік отырысы өтті.

Отырыс жұмысына аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, дербес бөлімдердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, сондай-ақ ауылдық округтер мен ауыл әкімдері қатысты.

Отырыс аясында Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсел Айтқожина Целиноград ауданы Қоянды ауылының сайланған әкімі Хавджалел Хасамханға қызметтік куәлігін табыстады.

Қоянды ауылы әкімін сайлау туралы шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес 2026 жылғы 13 қыркүйекте өткен сайлаудың қорытындылары бойынша Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен қабылданды.

Отырысты аша отырып, аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы Хавджалел Хасамханды Қоянды ауылының әкімі болып сайлануымен құттықтап, алдағы жұмысына табыс, жүктелген міндеттерді тиімді іске асыруына және ауданның ең ірі елді мекендерінің бірі саналатын Қоянды ауылының одан әрі дамуына үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.

Одан кейін қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға кірісті.

Бірінші мәселе бойынша Целиноград ауданындағы денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі және оны одан әрі дамыту перспективалары туралы ақпарат тыңдалды. Талқылау барысында халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, медицина ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Екінші мәселе ретінде аудан елді мекендерінде күзгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру айлығының өткізілу барысы қаралды. Санитарлық тәртіпті қамтамасыз ету, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, аумақтарды көгалдандыру және тұрғындарды экологиялық акцияларға тарту жұмыстарын жандандыру қажеттігі атап өтілді. Аудан әкімі жоспарланған барлық іс-шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және елді мекендердің санитарлық жағдайына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Үшінші мәселе бойынша аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингі нәтижелері және халық арасында әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін факторлардың алдын алу шаралары талқыланды. Азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қою, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге мониторинг жасау, сондай-ақ мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимылын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау қорытындысы бойынша аудан әкімі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі ілгерілетуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Берілген тапсырмалардың орындалуы аудан әкімі аппаратының бақылауына алынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1292517?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді