ЭКСПОРТТЫҚ ҚҚС: АГРАРШЫЛАР САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ ЗАҢНАМАЛЫҚ ТҰРҒЫДА БЕКІТІЛУІН КҮТУДЕ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС қолдану мәселесі аграрлық сектор үшін, әсіресе орақ науқаны аяқталып келе жатқан кезеңде, өзектілігін жоғалтпай отыр. Жиналған өнімді, оның ішінде сыртқы нарықтарда өткізу қажет. ҚҚС-ты өтеу тәртібіне кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығы мен экспорттық мүмкіндіктері тікелей байланысты.

Белгілі болғандай, «Атамекен» ҰКП бастамасымен бұл мәселе жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің қарауына шығарылды. Талқылау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар үшін кіріс ҚҚС-ты толық қайтару мүмкіндігін сақтау туралы шешім қабылданды. Енді бизнес тиісті өзгерістердің келесі жылы заңнамалық тұрғыда бекітілуін күтуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Акмола облысы Кәсіпкерлер палатасына агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарынан Салық кодексінің 484-бабын қолданудың салдарына алаңдаушылық білдірген өтініштер келіп түскен болатын. Атап айтқанда, «Атамекен агро» АҚ, «GRANUM AGRO» ЖШС, «NJ ASTYK TRADE», «Бидай жолы» — Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі салалық кеңесінің белсенді мүшелері — экспорттық ҚҚС-ты толық өтеуді сақтау туралы ұсыныс білдірді.

Бұл тақырып осы жылдың көктемінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың өңірге жұмыс сапары барысында да көтерілген болатын. Акмола облысы кәсіпорындарының және саланың басқа да өкілдерінің ұсыныстары Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына жолданды.

Әңгіме Салық кодексінің 484-бабы туралы болып отыр. Аталған бап ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде есепке жатқызылатын ҚҚС сомасын 80%-ға азайтуды көздейді. Салалық қауымдастықтармен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен талқылаудан кейін бұл түзетуді ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларға қолданбау туралы шешім қабылданды. Яғни 484-баптың тиісті нормасын жою жоспарланып отыр.

ҚҚС-ты қайтару құқығы салықтық тексеру барысында «пирамида әдісі» деп аталатын тәсілді қолдану арқылы расталады. Бұл әдіс тауардың қозғалысы мен салықтың төлену тізбегін өндірушіден экспорттаушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Егер тексеру талаптардың негізділігін растаса, экспорттаушы бұрын төленген ҚҚС-ты толық көлемде қайтара алады.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдіктің бұрынғы мөлшерін — қолданыстағы 80%-дың орнына 70%-ды — қалпына келтіру ұсынылуда. Бұл экспорттық ҚҚС-ты қайтарудың бұрын қолданылған тетігін сақтауға байланысты.

Бұған қоса Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп ҚҚС-ты қайтару кезінде цифрлық теңгені пайдалану тетігін пысықтап жатыр. Бұл құралды ерікті түрде қолдану жоспарлануда: бизнес ҚҚС-ты қайтарудың қолданыстағы тәртібі мен цифрлық теңгені пайдалану арасында таңдау жасай алады.

«Қабылданған шешімдер аграрлық секторды қолдаудың қолданыстағы шараларын сақтауға, экспорттаушылар үшін жұмыс жағдайларын неғұрлым болжамды етуге және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы нарықтардағы позицияларын нығайтуға бағытталған», — деп атап өтті Акмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Расул Сыздықов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1293085?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді