ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫНА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен
қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мəдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сəуірге дейін қазақ жəне орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
– «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
– «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
– «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
– «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
– «Кітап оқитын əулет» — отбасылық командалар;
– «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
– «Кітап оқитын зияткер» — жасына жəне қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Əр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс
тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, əлем классикасы жəне заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ əдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, əлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке
кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сəуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге;
3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен жəне электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың
өзімен ғана шектелмейді.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы əртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз. Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап
оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді
əрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер жəне кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан
Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP жəне «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мəдениетін дамытуға, заманауи əдеби бастамаларды қолдауға жəне оқырмандардың кітаппен өзара
байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1293060?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді