
2026 жылғы егін жинау науқаны кезінде Ақмола облысының білім басқармасына қарасты Есіл қаласындағы Агротехникалық колледжінің студенттері Есіл ауданындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтуде.
Болашақ механизаторлар колледжде алған теориялық білімдерін нақты өндіріс жағдайында қолданып, кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Студенттер «Ақсай» ЖШС, «Тней-Агро» ЖШС, «Шаңырақ Р» ЖШС, «Компания «Орион плюс» ЖШС, «СХП Ғарыш» ЖШС және басқа да агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарында еңбек етуде.
Колледж директоры Мейірбек Мұқатаевтың айтуынша, егін жинау науқаны кезіндегі практика «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының студенттері үшін маңызды кәсіби кезең болып саналады.
«Практика барысында студенттер заманауи ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын меңгеріп, техниканы пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету дағдыларын қалыптастырады. Сонымен қатар командалық жұмыс істеуге, еңбек тәртібін сақтауға және атқарған жұмысының нәтижесіне жауапкершілікпен қарауға үйренеді»,- деп атап өтті колледж директоры.
Өндірістік практиканың маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның ақылы түрде ұйымдастырылуы. Практика кезеңінде студенттердің орташа жалақысы 300–500 мың теңгені құрайды.
Осылайша, болашақ мамандар кәсіби тәжірибе жинақтап қана қоймай, табыс табуға да мүмкіндік алады. Бұл олардың таңдаған мамандығына деген қызығушылығын арттырып, еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді.
Есіл қаласындағы Агротехникалық колледжіндегі өндірістік практика білім мен тәжірибені ұштастырып, агроөнеркәсіптік кешенге қажетті білікті кадрлар даярлауға бағытталған. Студенттердің нақты өндірісте еңбек етуі олардың кәсіби қалыптасуына және болашақ еңбек жолын сенімді бастауына негіз болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1292580?lang=ru

Жауап қалдыру