Трейдинг түріндегі алаяқтық

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бас прокуратура азаматтарға алаяқтықтың кең таралған схемасы туралы ескертеді. Бұл жағдайда қаскөйлер тиімді инвестициялау сылтауымен әртүрлі жоқ жобаларға салым жасауға уәде беріп, азаматтардың ақшалай қаражатын иемденеді.

Әлеуетті жәбірленушілерді тарту үшін қылмыскерлер кең таралған әлеуметтік желілерді, оның ішінде TikTok, Instagram, YouTube және басқа да интернет-платформаларды пайдаланады. Аталған платформаларда олар танымал адамдардың дипфейк-бейнелерін және аса жоғары пассивті табыс алуға уәде беретін жалған жасанды интеллект (ЖИ) платформаларын жасайды.

Мысалы, Михаил Ломтадземен Kaspi AI, Илон Маскпен Quantum AI, Павел Дуровпен TON, сондай-ақ «Хабар24», «КТК» немесе «Бірінші арна» телеарналарының танымал жаңалық жүргізушілерімен бірге «ҚазМұнайГазға» немесе «Газпромға» халықтық инвестициялар туралы ұсыныстар.

Тек соңғы бір жарым айдың ішінде республика бойынша осындай 119 дерек тіркелген.

Ағымдағы жылғы қыркүйек айында Талдықорған қаласының тұрғыны аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі бойынша арызбен жүгінген.

Арызданушы Instagram әлеуметтік желісін қарап отырып, трейдинг (акцияларды сатып алу және сату) арқылы аса жоғары пайда табуды ұсынған жарнаманы көрген. Сілтемеге өтіп, жәбірленуші өзінің жеке және байланыс деректерін көрсете отырып, өтінім қалдырған.

Кейін жәбірленушімен қаскөйлер байланысқа шыққан. Олардың нұсқауларын орындаған ол үшінші тұлғалардың шоттарына 7 млн теңгеден астам ақша аударған.
Бұл ретте ол аударған ақшалай қаражат және болжамды дивидендтер жалған әмиянда көрсетілген, алайда алаяқтар олардың қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін бермеген.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға шақырады.

Жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіздер және инвестициялау деген сылтаумен белгісіз адамдарға ақша аудармаңыздар. Ақшалай қаражатты инвестициялаудан бұрын компания және ұсынылып отырған инвестициялық жоба туралы ақпаратты өз бетінше тексеріңіздер.

Күдікті хабарламалар немесе қоңыраулар келіп түскен жағдайда, белгісіз адамдармен әңгімені тоқтатыңыз және оларға банк карталарының деректерін, SMS арқылы келетін кодтарды және ақшалай қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді хабарламаңыздар.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1292704?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді