
Адам өмірінде үміттен асқан құдірет жоқ. Әсіресе ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасыға әрбір жаңа сөз, әрбір жаңа қадам, әрбір кішкентай жетістік – үлкен мереке. Астанадағы «Демеу» түзету-оқыту мен дамыту орталығы осындай үмітке сүйеніп өмір сүріп жатқан жүздеген отбасының сенім мекеніне айналған.
Нұра ауданындағы жаңа шағын аудандардың бірінде орналасқан еңселі ғимарат алыстан-ақ көз тартады. Сырттай қараған адам мұны балаларды дамыту орталығы деп ойламауы да мүмкін. Бірақ есіктен енген сәттен бастап мүлде басқа әлемге тап болады. Бұл – ерекше балалардың әлемі. Мұнда ешкім асықпайды. Ешкім дауыс көтермейді. Ешкім баланың ерекшелігін мін санамайды.
Әрқайсысы өз әлемімен өмір сүріп жатқан балдырғандарды түсінуге тырысатын мамандардың сабырлы қалпы бірден байқалады. Кең әрі жарық дәліз. Жайлы кабинеттер. Баланың қауіпсіз қозғалуына толық бейімделген орта. Орталықтың спортзалы мен екі қабаты түгелдей балаларды түзету мен дамытуға арналған. Жобада тағы бір қабат салу қарастырылған. Демек сұраныс артып, мүмкіндік туған жағдайда орталықтың қызмет ауқымы бұдан да кеңейе түспекші.
Алғашқы қабаттағы кабинеттердің бірінде логопед маман баланы дыбыстарды анық айтуға машықтандырып отыр. Келесі бөлмеде психолог ойын арқылы қарым-қатынас орнатуға тырысады. Тағы бір кабинеттен баяу әуен естіледі. Мұнда музыкалық терапия өтіп жатыр. Жалпы, әуезді әуендер баланың эмоциялық күйіне оң әсер ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сондықтан музыка бұл жерде – жай көңіл көтерудің құралы емес, түзету жұмысының маңызды бөлігі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяға сапары: Қазақстан үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылды?
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяға сапары: Қазақстан үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылды?
Орталықтың үлкен спорт залында балалар жүгіру жолақтарында жаттығып жатыр. Арнайы тренажерлердің бәрі ерекше балалардың дене мүмкіндігіне бейімделген. Қозғалыс – олардың дамуының тағы бір баспалдағы. Бізді орталықтың негізін қалаушы, логопед-дефектолог Ләззат Теміржанқызы қарсы алды. Байыпты қалпынан, сабырлы сөзінен мамандығына деген жауапкершілік сезіліп тұр. Осы салада жүргеніне қырық жылға жуықтапты.
– Бұл жұмысты кәсіп ретінде таңдаған жоқпын. Бұл – менің өмір жолым. Сонау кеңес дәуірінен бері ерекше балалармен тұрақты жұмыс істеп келемін. Әр баланың жетістігі – үлкен қуаныш. Сондықтан мұнда бірінші орында табыс емес, баланың тағдыры тұрады, – дейді ол.
Орталықта ABA-терапия, Floortime, сенсорлық интеграция сияқты халықаралық тәжірибеде тиімділігі дәлелденген әдістер пайдаланылады. Психологтер, логопедтер, дефектологтер, қозғалыс терапиясының, музыка мамандары – бәрі-бәрі бір мақсатқа жұмылған. Қазір мұнда 70 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға 42 педагог-маман күн сайын таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Әр баланың жеке бағдарламасы бар. Біреуі сөйлеуді үйреніп жүр. Енді бірі көзбен байланыс орнатуға талпынып келеді. Кейбіреулер өздігінен киінуді меңгеріп жатыр. Сырт көзге соншалықты байқалмайтын осы кішкентай жетістіктердің артында айлар бойғы қажырлы еңбек бар. Ләззат Теміржанқызының айтуынша, бір баламен бір ай жұмыс істеуге жұмсалатын шығын 350–400 мың теңгені құрайды. Бұл қаражатқа мамандардың еңбегі, түзету сабақтары мен арнайы бағдарламалар кіреді.
Орталықтағы ең ерекше орындардың бірі – екі бассейн. Бірі таяз, екіншісі сәл тереңдеу. Баланың жасына, дене мүмкіндігіне қарай әрқайсысы өз мақсатына пайдаланылады. Бұл жаттығулар бұлшық еттердің дамуына ғана емес, эмоциялық тұрақтылыққа да оң әсер етеді. Судың ішінде өзіне сенімді бола бастаған баланың құрлықтағы қимылы да өзгере түседі.
Осындай ұсақ көрінетін өзгерістердің бәрін мамандар мұқият бақылап отырады. Орталық дәлізінде отырған ата-аналармен де әңгімелестік. Гүлжім Ахметқызының жүзі жылы. Баласының жетістігін мақтанышпен айтып отыр.
– Біз осы жерге келгенге дейін бес бірдей балабақша ауыстырдық. Бірақ нәтиже болмады. Мұнда келген соң бір жарым айдың ішінде-ақ өзгерісті байқадық. Қазір балам жалпы білім беретін мектепте оқып жүр. Осы күнді көремін деп ойламаған едім, – дейді ол.
Бұл сөзді айтып отырып ана көзіне жас алды. Ол қуаныштың жасы еді. Әрине, мұндай сәттерді сөзбен жеткізу қиын. Мұны тек сондай жолдан өткен ата-аналар ғана толық түсінеді. Балнұр Тайжанова да орталықтың тыныс-тіршілігімен бірнеше жылдан бері бірге жасасып келеді. Ол нәтиженің басты сыры мамандардың тұрақтылығында деп есептейді.
– Баламен жұмыс істеген адам жиі ауыспауы керек. Мұнда әр балаға жеке бағдарлама жасалады. Сабақтардың ұзақтығы да дұрыс ұйымдастырылған. Соның нәтижесін көріп отырмыз, – дейді ол.
Осы сөздерді тыңдай отырып, ерекше баланы тәрбиелеу бір ғана маманның емес, тұтас ұжымның, ата-ананың, қоғамның ортақ еңбегі екенін анық сезінесің. Орталықты аралап келе жатқанда ауладағы ерекше көрініс назарымызды аударды. Балалардың бәрі сыртқа шығып, әлденені тағатсыздана күтіп тұр. Көп ұзамай арнайы автокөлік келіп тоқтады. Көліктің ішінен сүп-сүйкімді пони түсірілді. Балалардың қуанышын сөзбен жеткізу қиын. Бірі күліп жүгірсе, енді бірі алыстан қызыға қарап тұр. Мамандар әр баланы сабырмен кезекке тұрғызып, пониге мінгізе бастады. Бұл жай ғана серуен емес екен.
– Аптасына екі-үш рет арнайы көлікпен пони алдырамыз. Бұл – иппотерапияның бір түрі. Жылқы баланың дене қозғалысына ғана емес, оның эмоциялық жағдайына да жақсы әсер етеді. Кейбір балалардың қорқынышы басылып, өзіне деген сенімі артады. Тіпті көрші үйлердің тұрғындары да терезеден қарап, балалардың қуанышына бізбен бірге куә болып жатады, – дейді Ләззат Теміржанқызы.
Оның айтуынша, кейде ата-аналар баласының «ана» деп айтқан бір ауыз сөзін айлап, жылдап, шыдамдылықпен күтеді екен.
– Кейбір бала алғаш рет «ана» деген сөзді айтқанда ата-анасы көз жасын тыя алмайды. Бізге де сол сәттен асқан бақыт жоқ, – дейді тәжірибелі маман. Әңгіме арасында көптен бері көкейімде жүрген сауалды қойдым.
– Қазір қолданып жүрген әдістердің көбі шетелден келген. Ал қазақтың өз ұлттық тәрбиесіне негізделген ерекше балаларға арналған әдістеме бар ма?
– Өкінішке қарай, әзірге ондай жүйеленген ұлттық әдістеме жоқ…
Осы бір қысқа жауаптың өзінде үлкен мәселе жатқандай көрінді. Өйткені бұл салада қырық жылға жуық еңбек еткен маманның көкейінде көптен бері жүрген арманы бар екен.
– Қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық дүниетанымына, әдеп-ибасына сүйенген түзету-дамыту әдістемесін жасағым келеді. Бүгінге дейін жинаған тәжірибем соған жетеді деп ойлаймын. Әр халықтың тәрбиесі өз болмысымен сабақтас болуы керек. Қазақ баласының жанына жақын дүниелер ерекше балалардың дамуына да оң ықпал етеді деп сенемін, – дейді ол.
Расында, неге біз ерекше балаларды тәрбиелеуде өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды көбірек пайдаланбасқа? Бесік жырының тыныш әуені, әженің әлдиі, домбыраның қоңыр үні, саусақ ойындары, асық, қуырмаш, тұсаукесер, жылқыға жақындық, табиғатпен үндестік. Бұлардың бәрі қазақ баласының жан дүниесін тәрбиелеген рухани мектеп емес пе? Ендеше ерекше балалардың даму бағдарламасында да осы құндылықтардың өз орны болуы заңды.
«Демеу» орталығы – жай ғана жеке кәсіпкердің бастамасы емес. Бұл – Астана қаласы әкімдігі, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен «Астана даму орталығының» қолдауымен жүзеге асқан әлеуметтік маңызы зор жоба. Мемлекеттік қолдау аясында инвесторға жер телімі өтеусіз беріліп, жобаның барлық кезеңінде ұйымдастырушылық әрі консультациялық көмек көрсетілген.
…Орталықтан шығар кезде дәлізде бізді кішкентай ғана қыз қарсы алды. Бір қолында ойыншығы бар. Екінші қолымен анасының алақанын қыса ұстап келеді. Ол маған бір сәт қарап тұрды да, жымиып күлді. Мүмкін, бұл көпшілікке елеусіз ғана сәт шығар. Ал осы баланың ата-анасына бұл – ұзақ еңбектің, сарқылмас үміттің, мамандардың жанкешті жұмысының нәтижесі. Сол сәтте Ләззат Теміржанқызының жаңағы сөзі қайта ойыма оралды. «Біз баланың диагнозымен емес, оның мүмкіндігімен жұмыс істейміз…»
Шынында да, ерекше баланы өзгелерден бөліп қарайтын емес, оның қолынан келетін мүмкіндікті көбейтетін қоғам ғана өркениетті қоғам бола алады. Нұра ауданындағы «Демеу» орталығынан шыққанда осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Дереккөз: https://egemen.kz/news/umit-shyragyn-zhaqqan-ortalyq

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1293077?lang=ru

Жауап қалдыру