
Қарағанды облысының тұрғындары күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен өнімді тікелей шаруалардың өзінен нарықтағы құнынан 10–15 пайызға төмен бағамен сатып ала алады. Дәстүрлі жәрмеңкелердің алғашқысы Қарағандыда 3 қазанда өтеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жәрмеңкелерге өңірдің жеті ауданынан 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысады. Тұтынушыларға ұсынылатын өнімдердің бағасы орташа нарықтық құнынан 10–15 пайызға төмен болады.
Алғашқы жәрмеңкеге Қарағандыға 450 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіледі. Оның ішінде 52 тонна ет, 240 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі және 9 тонна балық өнімдері бар. Сондай-ақ сауда сөрелеріне 170 мыңға жуық тауық жұмыртқасы мен өзге де 20 тонна өнім қойылады.
Қарағандыдағы келесі жәрмеңкелер 10, 17 және 31 қазанда ұйымдастырылады. Ал 7 қарашада осындай сауда-саттық Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш және Приозерск қалаларында өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1293171?lang=ru

Жауап қалдыру