Абай облысында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Көшелердегі тәртіп тек патрульдік экипаждардың жұмысына ғана байланысты емес — ол әр аулаға, әр үйге және әрбір құқық бұзушылыққа назар аударудан қалыптасады.

     Жаңасемей ауданы аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті рейдтік іс-шара өткізілді.

     Іс-шараға Абай облысы полиция департаментінің, Жаңасемей ауданының полиция бөлімінің, Семей қаласы полиция басқармасының, сондай-ақ Бесқарағай және Бородулиха аудандарының бөлімшелерінен, ЖҚАЖ, патрульдік полиция батальоны мен патрульдік полиция ротасынан барлығы 67 полиция қызметкері жұмылдырылды.

     Жұмыс барысында 117 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның 79-ы профилактикалық бағыт бойынша, ал 38-і жол қауіпсіздігі саласында анықталды.

     Тұрғын үй секторына ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері аулаларды аралап, 1 248 тұрғын үйді тексерді.

     Аралау барысында тұрғындарға балалардың қауіпсіздігі, интернет-алаяқтықтың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық материалдар таратылды.

     Шүлбі елді мекеніне де ерекше назар аударылды. “Мотоцикл” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері “ИЖ Планета-5” мотоциклін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз және жүргізуші куәлігінсіз басқару фактісін анықтады. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар толтырылды.

     Сонымен қатар 18 сауда нысаны тексерілді. Нысан иелерімен алкоголь және темекі өнімдерін өткізу кезінде белгіленген талаптарды сақтау жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

     Полиция назарында құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтар да болды. Іс-шара барысында олардың 16-сы, оның ішінде қолайсыз отбасылар мен алкогольді асыра пайдаланатын азаматтар тұрғылықты жерлері бойынша тексерілді.

     Азаматтық қарудың 25 иесі тексерілді. Қаруды сақтау және тіркеу ережелерін бұзу фактілері анықталған жоқ.

     Мұндай іс-шаралар жасалған құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте полиция халықпен тікелей жұмыс жүргізіп, тұрғындармен тұрақты байланыста болады.

     Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға, айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және құқық бұзушылықтар туралы полицияға дереу хабарлауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1293462?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді