
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласындағы бірқатар кәсіпорынға барды. Атап айтқанда, «Силумин-Восток» ЖШС, «Полиус» БҚРК ЖШС, «Altai Mai» кешені, арматура зауыты, «AITAS» кәсіпорны және жаңа гематология орталығының жұмысымен танысты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жұмыс күні облыс орталығын автобуспен аралаудан басталды. Аймақ басшысымен бірге қала әкімінің орынбасары, Өскеменнің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы мен «Таза Өскемен» мекемесінің басшылары және басқа да жауапты қызметкерлер еріп жүрді.
Жол бойында анықталған кемшіліктерді облыс әкімі сол жерде жауапты мамандарға айтып отырды. Көшелердің жағдайы, абаттандыру, қаланы санитарлық тазалау мәселелері сөз етілді.
Одан кейін жұмыс сапары Өскемендегі ірі кәсіпорындарда жалғасты. Ұзақ жиындар өткізілген жоқ. Кездесулер тікелей өндірістік цехтарда өтіп, кәсіпорындардың ішкі жұмыс процестерімен танысуға басымдық берілді.
Алғашқы нысан «Силумин-Восток» компаниясы болды.

Өскеменде 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан инжинирингтік компания өз өндірістік жабдықтарын шығарады және өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған кешенді шешімдерді әзірлеп, іске асырады.
Диаметрі 15-тен 1000 мм-ге дейінгі шарлы крандар өндірісінің қуаты жылына 70 мың данаға, ал электр тарату шкафтарының өндірісі 2 мың данаға жетеді. Кәсіпорын басшысы Олег Фроимчук облыс әкіміне өндірістік учаскелерді көрсетіп, енгізіліп жатқан жаңалықтар мен компанияның алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Келесі нысан – полимер өнімдерін өндіру бойынша өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі «Полиус» ЖШС БҚРК болды.

Мұнда икемді қаптама, полиэтилен пленкасы, қысымды құбырлар және басқа да өнімдер шығарылады. Кәсіпорында пленканың әр алуан түрлерін өндіру мен оған баспа түсіруден бастап, дайын қаптама шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Полимер қалдықтары қайта өңделіп, өндіріс процесіне қайта енгізіледі. Кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Еңбекақы мөлшері 350 мыңнан 700 мың теңгеге дейін. Өнімдер Қазақстанның барлық өңірлеріне жеткізіледі.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Алтай Май» зауытына барды.

Еске сала кетейік, кәсіпорын былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған болатын. Тәулігіне 500 тонна өнім өндіруге қауқарлы зауытта бүгінде 15 мың тонна май өндірілген. Кәсіпорын өнімінің 90 пайызы экспортқа шығарылады. Оның 70 пайызы Қытайға, қалған бөлігі Өзбекстан мен Тәжікстанға жөнелтіледі. Мұнда шикізатты қабылдаудан бастап дайын майды қаптауға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптасқан. Зауытта биологиялық және химиялық тазарту жүйелері жұмыс істейді, сондай-ақ тұрақты түрде зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Нұрымбет Сақтағанов өндірісті қажетті бумен және жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың жұмысымен де танысты.
Жұмыс сапары ары қарай Өскемен арматура зауытында жалғасты.

Бүгінде мұнда 535 адам еңбек етеді. Өндіріс роботтандырылған дәнекерлеу қондырғыларымен және заманауи токарлық-фрезерлік өңдеу орталықтарымен жабдықталған.
Дайын өнім Қазақстан бойынша және Ресейге жеткізіледі. Кәсіпорын айына 50 данаға дейін ірі габаритті жабдық шығара алады. Олардың қатарында диаметрі 1000 және 1200 мм болатын, салмағы 20-25 тоннаға жететін ысырмалар да бар. Зауыт сырттан келіп түсетін өндірістік тапсырыстарды да орындайды.
Келесі нысан «Айтас» кәсіпорны болды. Мұнда өндіріс бір сәтке де тоқтамайды: жұмыс бірнеше ауысыммен ұйымдастырылған, әр ауысымда 100-ге дейін адам еңбек етеді. Кәсіпорын шұжық өнімдерін, сосиска және басқа да ет өнімдерін шығарады.

Жұмыс сапары өңірдегі көптен күтілген медициналық нысандардың бірі – жаңа гематология орталығында аяқталды.

Кешен жалпы ауданы 38 мың шаршы метрден асатын үш ғимараттан тұрады. Негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Ендігі кезекте медициналық жабдықтарды жеткізу және монтаждау, асфальттың екінші қабатын төсеу, аумақты көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұр. Жұмыстардың барысы туралы облыс әкіміне ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамов баяндады.
«Осындай сапарлар жағдайды өз көзіңмен көру үшін қажет. Қала көшелеріндегі ахуалды да, кәсіпорындардың ішкі жұмысын да тікелей бақылау маңызды. Өскемен – ірі өнеркәсіптік орталық. Мұнда қуатты өндірістер жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары құрылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Біздің міндетіміз – кәсіпорындардың тыныс-тіршілігін, жоспарлары мен өзекті мәселелерін білу. Сонымен қатар тұрғындар күн сайын кездесетін мәселелерді – қаланың жағдайын, абаттандыруды, жолдарды және коммуналдық саланы тұрақты бақылауда ұстау қажет. Осының бәрі түптеп келгенде халықтың өмір сүру сапасына әсер етеді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша қала шаруашылығына қатысты анықталған ескертулерді жауапты қызметтер қаперге алды. Кәсіпорындардың мәселелері мен гематология орталығы құрылысын аяқтауға қатысты да тиісті тапсырмалар берілді.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1293100?lang=ru

Жауап қалдыру