
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.
Төменде жиында айтылған негізгі тезистер ұсынылып отыр:
– Осы жылдың 8 айында Үлкен Нарын ауданындағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға ұлғайды. Барлық санаттағы шаруашылықтарда 2,2 мың тонна ет өндірілді.
Биыл ауданда мал шаруашылығын дамытуға және егін шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында «Елжас» серіктестігі жылдық қуаттылығы 3,3 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасын салу жобасын қолға алды. 2027 жылы Солоновка ауылында 1000 бас малға арналған бордақылау алаңын ашу жоспарланған.
– Ауданның өнеркәсіптік өнімінің негізгі бөлігін құрылыс материалдарын, дайын бетон және асфальт-бетон өнімдерін шығаруға маманданған «Элхон» серіктестігі өндіреді. Өткен жылы кәсіпорын құны 1,4 млрд теңге болатын асфальт-бетон зауытын іске қосты. Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімі мен ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына аудан аумағында жаңа қайта өңдеу өндірістерін құру үшін инвесторларды тарту жұмыстарын күшейту міндетін қойды.
– Қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы 550-ден астам орынды құрайтын 9 туристік орналастыру нысаны жұмыс істейді. Осы жылдың жартыжылдығында ауданға 3000-нан астам турист келді. Емдеу-сауықтыру, экологиялық және спорттық туризмді дамыту – негізгі бағыттардың бірі. Бұл бағыттарды дамыту туристердің болу ұзақтығын арттыруға және жаңа туристік өнімдерді жасауға ықпал етеді.
– Ауданның жол желісінің ұзындығы 282,2 шақырымды құрайды.
Биыл жалпы ұзындығы 28 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Көкбастау ауылында ұзындығы 5 шақырым болатын сумен қамту желілері, тазартылған суды сақтауға арналған екі резервуар және су алу құрылыстары салынады. Қазіргі уақытта магистральдық құбырдың 2,2 шақырымы төселіп, тазартылған су резервуарларын салу және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске асырылғаннан кейін Көкбастау ауылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауда. Ауданда автономды қазандық пен бюджеттік ұйымдар нысандары жылыту маусымына толық дайын. Үлкен Нарын ауылында ұзындығы 9,9 шақырым болатын жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Үлкен Нарын ауданында өткен жылы көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына арналған бағдарлама аясында бірқабатты үй (2 пәтер) сатып алынды, биыл жалпы ауданы 1,3 мың шаршы метр болатын 30 пәтерлік тұрғын үй салынуда. Облыс әкімі жыл соңына дейін үйлердің құрылысын аяқтауды және аудандағы тұрғын үй құрылысының көлемін одан әрі ұлғайту шараларын қабылдауды тапсырды.
– Үлкен Нарын ауданында 20 елді мекеннің 18-і немесе халықтың 97,5%-ы интернетпен қамтылған. Үштөбе ауылында 2027 жылдың соңына дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мемлекеттік мекемелерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту арқылы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.
Ал Жұлдыз ауылында OneWeb қоғамдық қолжетімділік нүктесін орнату жұмыстарын осы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген.
– Биыл Үлкен Нарын ауданында 4 білім беру нысаны жөнделді. Ауданда мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 99,6%-ды құрайды. 2 мен 6 жас аралығындағы 11 бала әлі де кезекте тұрғандықтан, қосымша орындар ашу жұмыстарын жалғастыру қажет. Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде аудан әкімі мен ШҚО білім басқармасының басшысына мектеп жасына дейінгі балаларға қосымша орындарды құру жөнінде шаралар қабылдау міндетін қойды.
– Ауданда 18 денсаулық сақтау ұйымы халыққа медициналық көмек көрсетеді. 2 дәрігер жетіспеушілігі сезіліп отыр. Жыл басынан бері туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 50%-ға төмендеді. Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту және оны заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жалғасып келеді.
Бүгінде медициналық мекемелерді тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 93,1%-ды құрайды. Аймақ басшысы аудан әкімі мен ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысына қажетті медициналық кадрларды тарту жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1293523?lang=ru

Жауап қалдыру