Алматыда тіркеу нормасы, автотұрақ тарифтері және Шымбұлаққа кіру тәртібі бекітілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс LІI (52) сессиясында халықты тіркеу, таулы аумақтардағы көлік қозғалысын реттеу, коммуналдық автотұрақтар мен көлік құралдарын жеткізу (эвакуациялау) мәселесіне қатысты бірқатар шешім қабылдады.

Сессияда тұрғылықты жері немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеу нормативі бекітілді. Енді бір адамды тіркеу үшін тұрғын үйдің жалпы алаңы кемінде 15 шаршы метр болуы қажет. Бұл талап тіркеу есебін ретке келтіріп, бір мекенжайға көп адамды негізсіз тіркеу жағдайларының алдын алуға бағытталған. Алайда норманың меншік иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарын тіркеуге қатысы жоқ.

Сондай-ақ Шымбұлақ аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа көлікпен кіру тәртібі өзгерді. 2026 жылдың алғашқы 8 айында бақылау-өткізу пункті арқылы 179 024 көлік өткен. Бұл 2022 жылы тіркелген жылдық көрсеткіштен 2,3 есе көп. Қазір аталған аумаққа тәулігіне орта есеппен 700-ге жуық көлік кіреді.

Осыған байланысты іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің кіруіне шектеу енгізіледі. Электромобильдерге бөлек тәртіп белгіленді. Жұмыс күндері кіруге рұқсат етілсе, демалыс және мереке күндері шектеледі. Бұл ретте Шымбұлақ аумағында тұратын тұрғындар мен жұмыс істейтін ұйымдардың мүддесі ескерілді. Аталған аумақта 48 жеке тұрғын үй, «Қазгидрометке» тиесілі үш қызметтік-тұрғын үй ғимараты, «Қазселденқорғаудың» екі нысаны және Тұйықсу шатқалындағы басқа да нысандар орналасқан.

Мәслихат сессиясында коммуналдық автотұрақтардың тарифтері де қайта қаралды. Қолданыстағы сағатына 100 теңге тариф 2016 жылдан бері өзгермеген. Осы кезеңде қаладағы автокөлік саны 1 миллионнан асты.

Енді автотұрақ ақысы аумақтағы көлік жүктемесі мен сұранысқа қарай сараланады. Жүктемесі төмен учаскелерде тариф сағатына 100 теңге, орташа жүктемелі аумақтарда 150 теңге, ал сұранысы жоғары және автотұрақ орындары тапшы жерлерде 200 теңге болады. Жаңа тарифтер автотұрақ орындарының тиімді айналымын қамтамасыз етіп, қысқа мерзімге көлік қоятын жүргізушілер үшін бос орындардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар эвакуацияланған көліктерді арнайы тұраққа жеткізу және сақтау үшін алғаш рет тариф белгіленді. Көлікті эвакуациялау құны санатына қарамастан 3 АЕК немесе 12 975 теңге болады.

Жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтау құны алғашқы тәулікке 2,5 АЕК немесе 10 812 теңге, кейінгі әр тәулікке 5 АЕК немесе 21 625 теңге көлемінде белгіленді. Егер көлік эвакуацияланған күні сағат 18:00-ге дейін қайтарылса, сақтау ақысы алынбайды.

Қазір эвакуаторларды ұстауға қала бюджетінен жылына шамамен 862 млн теңге, ал арнайы тұрақтарға 113 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Жалпы шығын жылына 974 млн теңгеден асады. Тарифтерді енгізу бұл жүйенің шығынын өтеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте көлікті эвакуациялау тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген жағдайда жүзеге асырылады.

Сессия барысында қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру мақсатында «Алматы қаласы мәслихатының аппараты» КММ туралы ереже де бекітілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-almaty/press/news/details/1294226?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді