Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы «Алматы қаласының цифрландыру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің тиімді пайдаланылуына қатысты жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды.
Жүзеге асырылған жобалардың тиімділігін бағалау нәтижесінде бөлінген бюджет қаражатының елеулі бөлігі көзделген нәтижелерге қол жеткізуге бағытталмағаны анықталды.
001-ші бюджеттік бағдарламаның көрсеткіштері негізінен нақты қызметтерді ұсынумен ғана шектеледі; мұнда кейінгі өлшенетін нәтижелер — мысалы, еңбек шығындарының азаюы, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігінің жақсаруы, сұрау сандарының қысқаруы, шығындарды оңтайландыру немесе бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне объективті баға беруге мүмкіндік беретін басқа да нәтижелер айқындалмаған.
Шарттар жасалған кезде, сол шарттар аясында құрылған материалдық емес активтерді, негізгі құралдарды және зияткерлік қызмет нәтижелерін мемлекет меншігіне бекітіп қою тетігі қарастырылмаған.
Цифрлық шешімдерді әзірлеуге, оларға қызмет көрсетуге және техникалық қолдауға бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде, алайда бірқатар жобалар бойынша күтілген нәтижелерге қол жеткізілмеді, оларға практикалық сұраныс жоқ немесе алынған нәтиже жұмсалған шығындарға сәйкес келмейді.
Аудит барысында бюджетке 167 250,1 мың теңге өндіріліп алынды, 56 800,0 мың теңге тауар түрінде қалпына келтірілді.
Тексеру комиссиясының отырысынан кейін анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді және де олардың түпкілікті себептері мен ықпал етуші факторларын жою, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін айқындау жөнінде нұсқаулар мен ұсынымдар берілді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік аудит материалдары жолданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-revcomkz/press/news/details/1293588?lang=ru

Жауап қалдыру