Сүт безі қатерлі ісігіне жасалатын заманауи операциялар: ҰҒОО мамандары Бішкекте тәжірибе бөлісуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстандық дәрігерлер Қырғыз Республикасында өтіп жатқан Қазақстан медицинасы күндері аясында қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан пациенттерге операция жасап жатыр.

Ұлттық ғылыми онкология орталығының атынан клиникалық жұмыс жөніндегі басқарушы директор Азат Чиналиев пен онкохирург Александр Дигай қатысуда. Жұмыс бағдарламасы Бішкектегі Ұлттық онкология және гематология орталығының базасында ұйымдастырылды.

Жұмыс күні қазақстандық және қырғызстандық дәрігерлердің бірлескен таңғы жоспарлау отырысынан басталды. Мамандар клиникалық жағдайларды талқылап, пациенттердің тексеру нәтижелерін қарады және алдағы емдеу тактикасын айқындады. Одан кейін жұмыс операциялық бөлмеде жалғасты.

Бағдарлама аясында сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған пациенттерге төрт операция жасау жоспарланған. Онкохирург Александр Дигай заманауи хирургиялық тәсілдерді қолдану тәжірибесімен бөлісуде. Бұл әдістер ісікті алып тастауға, ал медициналық көрсетілімдер мүмкіндік берген жағдайда, сүт безін сақтап қалуға немесе оны қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Операция барысында дәрігерлер ісік үдерісінің лимфа түйіндеріне таралған-таралмағанын анықтауға мүмкіндік беретін технологияны да қолданады. Бұл хирургиялық емнің қажетті көлемін дәлірек таңдауға және медициналық тұрғыдан қажет болмаған жағдайда, ауқымды операция жасаудан бас тартуға мүмкіндік береді.

Жоспарланған алғашқы операция сәтті аяқталды. Қазақстандық және қырғызстандық хирургтер бірлескен жұмысты жалғастыруда.

Практикалық жұмыс басталмас бұрын Ұлттық ғылыми онкология орталығының мүмкіндіктері таныстырылды. Азат Чиналиев ҰҒОО клиникалық қызметі, ғылыми және білім беру бағыттары, сондай-ақ екі елдің медициналық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы айтып берді.

«Біз үшін кәсіби тәжірибе алмасудың практикалық форматы ерекше маңызды. Біз ҰҒОО қолданылатын технологиялар туралы айтып қана қоймай, әріптестерімізбен бірге клиникалық жағдайларды талқылап, емдеу тактикасын анықтап, бір операциялық бөлмеде жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай тәжірибе алмасу кәсіби байланысты нығайтып, бірлескен жұмыстың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады», – деді ҰҒОО клиникалық жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Азат Чиналиев.

Қырғызстандағы Қазақстан медицинасы күндері мамандардың тікелей кәсіби диалог құруына, практикалық тәжірибе алмасуына және заманауи онкологиялық көмекті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1294110?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді