
«СЫР СҰҢҚАРЫ – СЫРБАЙ ТАҒЫЛЫМЫ»
АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ
Облыстық «Ұлы тұлғалар» жобасы аясында 2026 жылғы 17 қыркүйекте С. Мәуленов атындағы гимназияда көрнекті ақын, майдангер-қаламгер Сырбай Мәуленовтің туған күніне арналған «Сыр сұңқары – Сырбай тағылымы» атты облыстық әдеби-танымдық кездесу өтті. Іс-шараға әдіскерлер, педагогтер, оқушылар, ақын шығармашылығын зерттеушілер және Сырбай Мәуленов есімін иеленген білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің құрметті қонақтары қатарында ақынның ұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қасым Сырбайұлы Мәуленов, профессор Серікбай Оспанұлы, ақын, жазушы және драматург Шаяхметов Ақылбек Қожаұлы, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ директорының орынбасары Утегенова Гульнара Маратқызы болды. Сонымен қатар Астана қаласындағы №37 мектеп-лицейі мен Жангелдин ауданындағы Сырбай Мәуленов атындағы мектептің басшылары мен ұстаздары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын барысында ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды баяндамалар тыңдалып, Жангелдин ауданындағы мектеп музейіне онлайн саяхат ұйымдастырылды. «Сырбайды оқыған ұрпақ…» әдеби диалогінде қонақтар, ұстаздар мен оқушылар ақын шығармаларындағы елдік, ерлік, адамгершілік және туған жерге сүйіспеншілік құндылықтары туралы пікір алмасты.
Кездесу «Сырбайға хат» рефлексиясымен қорытындыланды. Қатысушылар ақынға және болашақ ұрпаққа арналған жүрекжарды ойларын «Мәуленов мұрасы» қабырғасына орналастырды.
Тағылымды шара Сырбай Мәуленовтің рухани мұрасын дәріптеп, оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге, сондай-ақ Сырбай есімін иеленген білім беру ұйымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Кездесу облыстық «Ұлы тұлғалар жолы» жобасы аясында тұлға мұрасын зерделеу, ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру және білім алушылардың ұлттық-мәдени құндылықтарға қызығушылығын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстың маңызды алаңына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bilim/press/news/details/1293552?lang=ru

Жауап қалдыру