
Юрий Александрович Хитриннің туғанына – 80 жыл
Юрий Александрович Хитрин – Қазақстан прокуратурасы тарихында өзіндік із қалдырған көрнекті заңгер, мемлекет қайраткері, әділет генерал-лейтенанты.
Ол 1946 жылғы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1970 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, еңбек жолын прокуратура органдарында бастады. Алғашқы қызмет жолынан-ақ заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге деген жауапкершілігімен ерекшеленді.
Юрий Хитрин прокуратура жүйесінде тергеуші, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші, Алматы қаласы прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы, Қазақ КСР прокуратурасы тергеу басқармасы бастығының орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарды. 1980 жылы Целиноград облысының прокуроры болып тағайындалып, прокуратура саласындағы мол тәжірибесін одан әрі шыңдады.
Кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол жоғары мемлекеттік қызметтерге дейін көтерілді. 1990 жылы Қазақ КСР прокурорының бірінші орынбасары, ал 1992 жылы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары – Әскери прокурор қызметтерін атқарды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде әскери прокуратура органдарының дамуына елеулі үлес қосты.
1997 жылдың қарашасында Юрий Александрович Хитрин Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып тағайындалды. Бұл қызметте ол елдегі заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, прокуратура органдарының жұмысын жетілдіруге бағытталған маңызды міндеттерді жүзеге асырды.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалып, конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету саласында қызмет етті.
Мемлекет алдындағы еңбегі жоғары бағаланып, Юрий Хитрин «Парасат» орденімен және Қазақстан прокуратурасының «Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Юрий Александровичтің өмір жолы – заңға адалдықтың, мемлекетке қалтқысыз қызмет етудің және кәсіби жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның прокуратура саласындағы көп жылғы еңбегі мен жинақтаған мол тәжірибесі кейінгі буын құқық қорғау қызметкерлері үшін тағылымды мектеп болып қала береді.
Юрий Александрович Хитриннің есімі Қазақстан прокуратурасының тарихында құрметпен аталып, оның ел заңдылығын нығайту жолындағы еңбегі ұмытылмақ емес.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1294048?lang=kk

Жауап қалдыру