
19 қыркүйекте Астананың Орталық саябағында Street Workout бойынша тегін жаттығулар маусымының қорытынды іс-шарасы өтеді. Үш ай ішінде жобаға елорданың 8 мыңға жуық тұрғыны қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жоба аясында қала тұрғындарына жаттықтырушылардың жетекшілігімен ашық ауада тегін спортпен айналысуға мүмкіндік берілді. Қатысушылар күш пен төзімділікті дамытып, дене дайындығын жетілдіріп, көше спортының түрлі бағыттарын меңгерді.
Маусымның жабылуы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы және «Заң және тәртіп» қағидаты аясында спорттық фестиваль форматында өтеді. Іс-шараға елорда тұрғындары, жоба қатысушылары, жаттықтырушылар мен спортшылар қатысады.
Орталық саябақтың басты спорт алаңында күштік жаттығуларға арналған түрлі құрал-жабдықтары бар арнайы аймақ ұйымдастырылады. Қатысушылардың пайдалануына штангалар, гирлер, гантельдер, еркін салмақтар, гимнастикалық сақиналар, арқан, армрестлинг үстелі және басқа да спорттық жабдықтар ұсынылады.
Бағдарламаның негізгі шарасы күштік көше спорты түрлерінен өтетін ашық турнир болады. Жарысқа барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Қатысу тегін. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында спорт алаңына іргелес аумақта ұйымдастырушылардың, жаттықтырушылардың және жоба қатысушыларының қатысуымен ағаш отырғызу шарасы өтеді.
Street Workout тегін жаттығулар жобасы бұқаралық спортты дамытуға, салауатты әрі белсенді өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ Астана тұрғындары үшін дене шынықтырумен тұрақты айналысуға қолжетімді жағдай жасауға бағытталған.
Турнирге қатысушыларды тіркеу 19 қыркүйекте сағат 14:00-де басталады, негізгі бағдарлама сағат 15:00-де өтеді.
Өтетін орны: Астананың Орталық саябағы, амфитеатр мен The St. Regis Astana қонақүйінің арасындағы басты спорт алаңы.
Көрермендер үшін кіру тегін.
Ұйымдастырушылар:
@architecture_astana
@timur_tai
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1294777?lang=ru

Жауап қалдыру