
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында әлеуметтік-еңбек саласы мен көші-қон саясатының өзекті мәселелері талқыланып, Кеңестің 2026 жылдың соңына дейінгі жұмыс жоспары бекітілді.
Отырыс аралас форматта өтті. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, вице-министрлер, министрліктің комитеттері мен бейінді құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиын барысында вице-министрлер Эльдар Күзенбаев пен Бахтияр Жазықпаев көші-қон саясатын жетілдіруге және әлеуметтік саладағы тәсілдерді дамытуға бағытталған заңнамалық шаралар туралы ақпарат берді.
Министрлік өкілдері ұсынылып отырған бастамалардың негізгі ережелерін түсіндіріп, Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Талқылау кезінде қатысушылар осы бағыттардағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қоғамдық кеңестің алдағы жұмысының басым бағыттарын айқындау болды. 2026 жылдың қалған кезеңіне арналған жұмыс жоспарының жобасын Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Талғат Галиев таныстырды. Талқылау барысында Кеңес мүшелерінен түскен жеті ұсыныс та қаралды.
Бекітілген жоспар халықты жұмыспен қамту, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және оларды қоғамға қайта бейімдеу, халықты әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастарын реттеу, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелерін қамтиды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-lab/press/news/details/1294476?lang=ru

Жауап қалдыру