
Бүгін, 19 қыркүйек күні ақтөбеліктер бүкіл ел бойынша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында өткен Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day акциясына қатысты.
Көгалдандыру жұмыстары Ақтөбе қаласында және облыстың барлық ауданында ұйымдастырылды. Акцияға белсенділер, еріктілер, өнер саласының өкілдері, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері және қала тұрғындары, жалпы саны 12 мыңға жуық адам ауқымды сенбілік және жаппай ағаш отырғызу акциясына үлестерін қосты.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров акцияға қатысып, «Қоныс» спорт сарайының жанындағы жаңа саябақ аумағында ағаш отырғызды.
«Бүгін біз сүйікті қаламызды абаттандыруға өз үлесімізді қосу үшін жиналдық. Сенбілікке белсенділер, еріктілер, өнер саласының өкілдері және облыс тұрғындары — жалпы 12 мыңға жуық адам шықты.
Бұл шара Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылуда. Бағдарламаның мәні тек көшелерді тазалаумен шектелмейді, бұл — адамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әрбір азаматтың өз қаласына, ауылына, көшесіне деген жауапкершілігін арттыру», – деді Асхат Шахаров.
Бүгін облыс бойынша 7 200 түп ағаш отырғызылды. Оның ішінде мойыл, шетен, шаған, қарағай, сирень, тал, үйеңкі, шиыршықты тал, жеміс ағаштары, татар үйеңкісі және басқа да өсімдік түрлері бар.
Жабық тамыр жүйесі бар ағаштардың биіктігі шамамен екі-төрт метр аралығында, яғни агротехникалық талаптар сақталған және қазіргі ауа райына сай. Мамандар бұл олардың жерсіну мүмкіндігін арттырады дейді.
«Бүгін сенбілікке шығып, туған қаламыздың тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосып жатқан Ақтөбе тұрғындарына алғысымды білдіремін. Бұл — біздің ортақ сүйікті қаламыз. Сондықтан оны таза әрі жайлы ету үшін бәріміз бірге атсалысуымыз қажет.
Егер біз тазалықты тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті сақтайтын болсақ, қаламыз тұрғындар үшін де, туристер үшін де тартымды бола түседі. Сонда әрқайсымыз Ақтөбемізбен мақтана аламыз», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінде өңірде жасыл желекті көбейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында 135 гектар аумақта жасыл белдеулер құру жоспарланған. Қазіргі уақытта 46 гектар алқапқа 154 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды. Жұмыстарды биылғы жылдың қараша айына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар облыста 12 қыркүйек пен 14 қараша аралығында екі айлық сенбілік өтіп жатыр.
«Таза Қазақстан» акциясы өңір тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1294851?lang=ru

Жауап қалдыру