
Бүгін, 19 қыркүйекте Ақтау қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жаңа аумақты көгалдандыру жұмыстары басталды. «BS Arena» маңындағы жаңа көше бойында болашақ жасыл аллеяның негізі қаланып, 100 түп көшет отырғызылды.
Экологиялық іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық қызмет өкілдері, жастар, волонтерлер және экобелсенділер қатысты.
Негізгі жұмыстар Ақтау қаласының 39-шағынауданындағы «BS Arena» аумағында жүргізілді. Жаңа көше бойына 50 түп үйеңкі және 50 түп гибискус отырғызылды. Қатысушылар көшеттерге су құйып, аумақты абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Жаңа аумақта жасыл аллеяның қалыптасуы қала тұрғындары үшін жайлы қоғамдық кеңістік құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Каспий теңізінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға қатысушылар қоқыстарды жинап, жағалау аумағын тазалап, ретке келтірді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік шара емес, елді мекендерді абаттандыру мен қоршаған ортаға жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экология, елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. «Таза Қазақстан» халықты тазалық, тәртіп және туған жерге деген қамқорлықты нақты істер арқылы көрсетуге үндейді. Бүгін біз жай ғана көшет отырғызып жатқан жоқпыз. Қала тұрғындары пайдаланатын жайлы қоғамдық кеңістіктің негізін қалап жатырмыз. Әрбір отырғызылған көшет – Ақтау мен өңірдің болашағына қосылған үлес. Мұндай жауапкершілік әрқайсымыздың күнделікті мәдениетіміздің бір бөлігіне айналуы маңызды, – деді облыс әкімі.
Жыл басынан бері Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында аумақтарды санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Экологиялық іс-шараларға 185 мыңнан астам адам қатысып, 3 600-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. 14 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Бүгін облыс аумағында өткен түрлі экологиялық іс-шараларға 10 мыңға жуық адам қатысты. Көгалдандыру жұмыстары барысында 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды.
«Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда. Оның басты мақсаты – қалалар мен елді мекендерді таза әрі жасыл ету ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырып, туған өлкені қорғау мен оған қамқорлық жасауды күнделікті әдетке айналдыру.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1294868?lang=ru

Жауап қалдыру