
Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштерінің Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтының 67 түлегіне алғашқы офицерлік атақ берілді. 29-шы түлектердің салтанатты рәсімі облыс әкімдігі алдындағы алаңда өтті.
Биыл әскери институтты 42 ұшқыш пен 25 инженер тәмамдады. Жас лейтенанттарға дипломдар мен төсбелгілер табысталды.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, авиация генерал-майоры Руслан Кунуров, әскери қызмет ардагерлері, институт оқытушылары, ата-аналар мен жақындары қатысты.
Облыс әкімі жас офицерлерді құттықтап, әскери қызметтегі заң мен тәртіптің маңызын атап өтті.
«Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуы заң үстемдігі мен темірдей тәртіпке негізделген. Әскери қызметтің басты тірегі де – заң мен тәртіпке деген адалдық. Жаңа Конституциялық реформалар құқықтық мемлекеттің беріктігін, азаматтық жауапкершілікті және заң алдындағы теңдікті айқындап берді.
Осы құқықтық негіздерді құрметтеу және оларды қорғау – әрбір офицердің басты міндеті. Әскери тәртіп пен заңға бағыну – тек міндет емес, бұл мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең басты кепіл», – деді Асхат Шахаров.
Авиация генерал-майоры Руслан Кунуров та жас офицерлерге әскери қызметтің жауапкершілігіне тоқталды.
«Отан қорғаушы кәсібі – абыройлы таңдау. Сіздердің міндеттеріңіз – аға буын офицерлердің ерлігі мен батылдығын үлгі ету. Ол үшін өз ісін жетік білетін кәсіби маман ғана емес, нағыз командир әрі тәлімгер болу, принципшілдік пен табандылықтың үлгісін көрсету қажет», – деді ол.
Салтанатты шара барысында лейтенант Мыңжасар Қуаныш сүйіктісі Айгерім Бисенбаеваға көпшілік алдында ұсыныс жасап, одан келісім алды.
Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ішкі істер министрлігі үшін авиация мамандарын даярлайды.
Оқу орны құрылғаннан бері 5 мыңнан астам түлек білім алып, офицерлік құрам қатарын толықтырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1294922?lang=ru

Жауап қалдыру