Астанада өткен алғашқы UNICEF Charity Run қайырымдылық жүгірісіне 2000 адам қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Астананың Ботаникалық бағында 2000 адам, соның ішінде балалар мен мүгедектігі бар жандар Қазақстанда инклюзивті қоғам құру идеясын қолдау мақсатында БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) алғашқы «UNICEF Charity Run» қайырымдылық жүгірісіне жиналды.

Қатысушылар 2, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Мәре сызығына балалар мен ересектер, кәсіпқой спортшылар мен әуесқойлар, жанұялар мен белсенді қоғам өкілдері шықты. Балалар мен мүгедектігі бар азаматтар үшін жарысқа қатысу тегін болды.

UNICEF Charity Run аясында жиналған барлық қаражат ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы әрбір балаға тең мүмкіндік сыйлайтын инклюзивті қоғам қалыптастыру бағдарламасын қолдауға бағытталады.

Әрбір шақырым — тең мүмкіндіктер жолында

Бүгінде Қазақстанда 120 мыңға жуық мүгедектігі бар бала өмір сүріп жатыр. Дегенмен, инклюзия — бұл тек кедергісіз физикалық орта қалыптастыру ғана емес. Бұл — әрбір баланың сапалы білім алуына, спортпен айналысуына, жан-жақты дамуына, құрдастарымен еркін тіл табысып, өз ортасының өміріне толыққанды араласуына жасалған мүмкіндік.

2024 жылғы MICS¹ ұлттық зерттеуінің нәтижелері де баланы ерте жастан қолдаудың айрықша маңыздылығын дәлелдейді: елімізде 2 мен 4 жас аралығындағы әрбір төртінші баланың даму деңгейі күтілген көрсеткіштерге әлі жетпейді. Бұл деректер қажетті көмек пен қолдау әр балаға қолжетімді болуы үшін мемлекеттің, қоғамның, отбасылар мен серіктестердің бірлесе күш біріктіруі қаншалықты маңызды екенін айқындай түседі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар спортын дамытуға, халық үшін спорттың қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Президент тапсырмалары аясында елімізде спортпен тұрақты айналысуға жағдай жасау, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және балаларды спортқа кеңінен тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Қазақстанда халықтың 44,5%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Алдымызда нақты міндет – 2029 жылға қарай халықтың спортпен шұғылдану деңгейін 50%-ға жеткізу.

UNICEF Charity Run мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың, бизнестің және азаматтық қоғамның ортақ күш-жігері спортты баршаға қолжетімді ететін қолайлы ортаны қалай қалыптастыра алатынын айқын көрсетті. Сондықтан бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге, ауыл тұрғындарына спортты барынша қолжетімді ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз», — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

«Инклюзия қарапайым әрі маңызды қағидаттан басталады: баланың мүмкіндіктері мүгедектіктің бар-жоғымен шектелмеуі тиіс. Біздің ортақ мұратымыз — әрбір баланың білім алып, дамуына, спортпен шұғылданып, қоғамның тең құқылы әрі белсенді мүшесі болуына қолайлы жағдай жасау. UNICEF Charity Run арқасында жиналған қаражат серіктестерімізбен бірге Қазақстандағы осы игі жұмысты одан әрі жалғастыруға жол ашады», — деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі д-р Рашед Мұстафа Сарвар.

Астана халықаралық игі дәстүрге қосылды

ЮНИСЕФ-ті қолдауға арналған қайырымдылық жүгірістері, марафондар мен түрлі спорттық бастамалар әр жылдары әлемнің Дубай, Лондон, Нью-Йорк, Сидней, Гонконг және Минск секілді ірі қалаларында өткізіліп келеді.

2026 жылы осынау жаһандық дәстүрге алғаш рет Астана қаласы да қосылды. Елордада UNICEF Charity Run жарысын жыл сайын өткізіп, адамдарды спорт пен балаларға деген жанашырлық төңірегінде біріктіретін қалалық ізгі дәстүрге айналдыру жоспарлануда.

Алғашқы UNICEF Charity Run шеңберінде қатысушылар үш қашықтық бойынша бақ сынады. 2 шақырымдық жүгіріс 7-15 жас аралығындағы балаларға арналса, 16 жастан асқан қатысушылар 5 немесе 10 шақырым қашықтықты таңдау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, балалар үшін арнайы ойын-сауық пен белсенділік бағдарламасы ұйымдастырылды.

UNICEF Charity Run жай ғана спорттық сайыс емес, сонымен бірге мүмкіндіктері әртүрлі балалар мен ересектер қатар үн қосып, бірге жүгіре алатын ашық әрі инклюзивті алаңға айналуға арналған.

Әрбір бала үшін — бірге

Бұл жүгіріс елімізде инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың маңызды бір көрінісі болды. Соңғы жылдары елімізде инклюзивті білім беру мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау тетіктері жүйелі түрде кеңейіп келеді. ЮНИСЕФ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи ассистивті технологияларды енгізу және мүгедектігі бар балалардың білім алуы мен қоғам өміріне толыққанды араласуына қолайлы жағдай жасау жолында мемлекеттік органдармен және серіктестермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

UNICEF Charity Run ұйымдастырушылары:
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясы, Астана қаласының әкімдігі, Спортты қолдау қоры және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ).

ЮНИСЕФ елордадағы алғашқы қайырымдылық жүгірісін өткізуге қолдау білдірген барлық серіктестерге: «Самұрық-Қазына» АҚ, Sheraton Astana Hotel, Wyndham Residences Aqkol, Қазақстан бочча федерациясы, Динара Сәдуақасованың шахмат академиясына шынайы алғыс білдіреді.

ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытында қызмет етеді. Біз серіктестерімізбен бірлесіп, ең алдымен көмек пен қолдауға аса мұқтаж балалар мен отбасыларға айрықша көңіл бөле отырып, әлемнің 190 елі мен аумағында үздіксіз қызмет атқарамыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1294963?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді