
Бүгін өңірдің 200 мыңнан астам тұрғыны «Таза Қазақстан» бастамасы аясында аумақтарды тазарту және абаттандыру жұмыстарына қатысты. Жалпыреспубликалық акцияға 40 мыңға жуық ұйым, кәсіпорын және білім беру мекемелері қосылды. Жұмыстарға 800-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, 10 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Павлодар қаласында облыс әкімі Асайын Байханов тұрғындармен бірге «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.
– Тазалық жеке жауапкершіліктен басталады. Адам өзі көшеге шығып, аумағын тазалап, ағаш отырғызғанда, оның қоршаған ортаға деген көзқарасы да өзгереді. «Таза Қазақстан» біз үшін күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналды. Павлодарлықтар өз қаласына әрдайым ұқыпты қараған және бұл дәстүрді сақтау маңызды. Біз Павлодардың жасыл желекке бөленген, жайлы әрі таза қала болып қала бергенін қалаймыз, – деді Асайын Байханов.
Облыс орталығында жасыл желектерді кешенді қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қала көшелеріне қазірдің өзінде ұсақ жапырақты 706 түп жөке ағашы отырғызылды. Биыл көктемде жасыл белдеуге 9 мыңға жуық көшет отырғызылса, бүгін тағы 10 мыңға жуық ағаш егілді.
– Жасыл желектерді қайта жаңарту бағдарламасының басты құндылығы – биліктің жасыл қорды қалпына келтіруге жүйелі түрде назар аударуы. 2024 жылдан бастап жекелеген ағаштарды алмастырудан ауқымды көлемдегі ірі ағаштарды отырғызуға көштік. Бұл қалалық ортаны жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді «Берегиня Био» ҚҚ биолог-эксперті Татьяна Пономарева.
Асайын Байханов жұмыстардың 2027 жылы да жалғасатынын атап өтті. Жүйелі көгалдандыру жұмыстарын өңірдің өнеркәсіптік қалалары – Екібастұз бен Ақсуда да жүргізу жоспарлануда.
Ақсу қаласында облыс әкімі қалалық саябақтағы сенбілікке қатысып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ саябақты абаттандыру және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Павлодар облысындағы «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындарды көгалдандыруға, абаттандыруға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға жұмылдыратын жүйелі экологиялық жұмыстың маңызды бөлігіне айналды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1295319?lang=ru

Жауап қалдыру