
Сәтбаев университеті Қытайда ақпараттық инженерия мамандарын даярлай бастады
Қытайдың Циндао қаласында Сәтбаев университеті мен Qingdao University of Science and Technology (QUST) бірлесіп құрған Қытай-Қазақстан ақпараттық инженерия мектебінің ашылу рәсімі өтті. Жаңа мектепке алғашқы қабылдау кезінде 188 студент оқуға түсті. Оның 150-і бакалавриатқа, 38-і магистратураға қабылданды.
Қытай-Қазақстан ақпараттық инженерия мектебі Сәтбаев университетінің білім беру бағдарламаларын Қытайда жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бакалавриат студенттері Computer Science, Information Engineering және Communication Engineering бағыттары бойынша білім алады. Төрт жылдық оқу бағдарламасы Циндао қаласында 4+0 үлгісі бойынша толық жүзеге асырылады. Екі университеттің оқу талаптарын орындаған түлектерге QUST білім туралы құжаты және Сәтбаев университетінің дипломы беріледі. Сонымен қатар Software Engineering бағыты бойынша екі жылдық магистратура бағдарламасы ашылды.
Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бұл жобаның университеттің халықаралық ынтымақтастығын дамытудағы маңызын атап өтті.
«Бұл Сәтбаев университетінің халықаралық деңгейде дамуы үшін маңызды қадам болмақ. Қазақстандық инженерлік білім беру бағдарламалары енді Қытайда да оқытылады, алғашқы 188 студент білім алуға кірісті. Келесі міндет – екі елдің оқытушылары, студенттері мен өндірістік серіктестері қатысатын бірлескен зерттеулерді, зертханалар мен технологиялық жобаларды дамыту», – деді ректор.
Бірлескен мектептің ашылуымен қатар Циндао қаласында Қытай-Қазақстан халықаралық ақпараттық технологиялар бірлескен зертханасы да жұмысын бастады. Зертханада ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, цифрлық жүйелер және телекоммуникациялар салаларында зерттеулер жүргізіледі. Екі университет оқытушылар мен зерттеушілер алмасуын дамытып, студенттерді бірлескен ғылыми және технологиялық жобаларға тартуды жоспарлап отыр.
Жоба Қазақстанның жоғары білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Қазақстандық университеттердің білім беру бағдарламаларын шетелде жүзеге асыруы отандық жоғары білімнің халықаралық ауқымын кеңейтіп қана қоймай, шетелдік студенттерді тартуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және жаңа технологиялық жобаларды дамытуға жол ашады.
Қытай-Қазақстан ақпараттық инженерия мектебі «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Білім және ғылыми зерттеулер жылы аясында ашылды. Сәтбаев университеті мен QUST арасындағы бұл жоба екі елдің білім беру және ғылыми ынтымақтастығын маман даярлау, зерттеу жүргізу және жаңа технологияларды әзірлеу бағыттарында нақты жұмыстармен толықтырады.
Ашылу рәсімінен кейін екі университеттің өкілдері мектепке алғаш қабылданған студенттермен кездесті. Кездесу барысында студенттер оқытушылармен алдағы ғылыми зерттеулерді, технологиялық жобаларды және академиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Циндаодағы бірлескен мектеп қазақстандық инженерлік білім берудің халықаралық нарыққа шығу платформаларының біріне айналмақ. Оқуға түскен алғашқы 188 студент екі университеттің бағдарламалары бойынша білім алып жатыр, ал мектеп жанындағы зертхана инженерлік білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа негіз қалыптастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1295340?lang=ru

Жауап қалдыру