
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына берудің тиімділігі қандай? Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан таба алады? Басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылауға болады?
Зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін ИПБ-ның басқаруына беру салымшыларға кірістілік тарихы неғұрлым үздік немесе неғұрлым агрессивті инвестициялық стратегия ұсынатын ИПБ-ны таңдау арқылы капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді.
БЖЗҚ – зейнетақы нарығындағы бірыңғай инфрақұрылымдық институт, оның 100% акциясы Үкіметке тиесілі. Салымшылардың өз жинақтарын ИПБ-ның басқаруына беру құқығын іске асыруына байланысты БЖЗҚ-ның институционалдық міндеті де арта түсті.
БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (салымшының таңдауы бойынша ҚР ҰБ және/немесе ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады, сондай-ақ азаматтардың жинақтары туралы ақпаратты үзінді көшірмелерде тәулік бойы, яғни «24/7» режимінде толық көрсетеді.
Бұдан бөлек, БЖЗҚ салымшылары үшін заманауи цифрлық ресурс ретінде ақпараттық интернет-платформа (invest.enpf.kz) іске қосылды. Ол барлық басқарушылардың (ҚР ҰБ мен ИПБ-лардың) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік береді.
Invest.enpf.kz платформасы кірістілік туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ белгіленген кезеңдер аралығындағы динамикада активтерді басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша көрсеткіштерді салыстыруға болады.
Осы платформа арқылы салымшылар:
- инвестициялық портфельдердің құрылымымен;
- әртүрлі кезеңдердегі кірістілік көрсеткіштерімен;
- инвестициялық құралдардың құрамымен;
- түрлі басқарушылардың салыстырмалы сипаттамаларымен;
- инвестициялық декларациялармен және басқару стратегияларымен таныса алады.
Сонымен қатар инвестициялық қызмет туралы ақпарат enpf.kz сайтында және invest.enpf.kz интернет-платформасында тұрақты түрде жарияланып, жаңартылып отырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/social-abay/press/news/details/1295253?lang=ru

Жауап қалдыру