
Жұмыс туралы ұсыныс қауіпті болуы мүмкін: Өскеменде студенттерге адам саудасының қауіптері түсіндірілді
Өскемен жоғары политехникалық колледжінде ШҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері студенттермен профилактикалық кездесу өткізді.
Онда қылмыстың аса қауіпті түрлерінің бірі – адам саудасының алдын алу мәселелері талқыланды. Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің адамдарды заңсыз әрекеттерге қалай тартуы мүмкін екенін, жұмысқа орналасу және шетелге шығу кезінде қандай жайттарға назар аудару керектігін, сондай-ақ қандай жағдайлардан сақ болу қажет екенін түсіндірді.
Жеке қауіпсіздік пен құқықтық сауаттылық мәселелеріне де ерекше тоқталды. Студенттерге жұмыс беруші мен еңбек жағдайларын алдын ала тексеру, бейтаныс адамдарға құжаттары мен жеке деректерін бермеу, сондай-ақ күмәнді жағдайға тап болған кезде көмек сұраудан тартынбау қажеттігін айтты.
Кездесу соңында ҰҚҚКБ қызметкерлері сұрақтарға жауап беріп, қауіп төнген немесе құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгінуге болатынын түсіндірді.
Адам саудасының алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесулер облыстың білім беру ұйымдары мен тұрғындары арасында жалғасын табады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1295330?lang=ru

Жауап қалдыру