Ақтоғайлық Қайраттың бау-бақшасы – берекелі еңбектің жемісі

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ақтоғайлық Қайраттың бау-бақшасы – берекелі еңбектің жемісі
 
       Сарысу топырағының қасиетін жақсы білетін, туған жердің әр сүйем жерін қадір тұтатын еңбек адамдары ел ішінде аз емес. Соның бірі – Ақтоғай ауылының тұрғыны Қайрат Шархиябекұлы Қаспақов. Өз үйінің іргесіндегі бір гектарға жуық жерді тиімді пайдаланып, көкөніс өсіріп отырған ол үшін егін егу – жай ғана кәсіп емес, жүрек қалауынан туған сүйікті іс.
 
     Қайрат Шархиябекұлының негізгі мамандығы – инженер. Ұзақ жылдар колледжде сабақ беріп, кейін өндіріс саласында еңбек еткен. Қазір комбинатта УСИП-тің бірінші учаскесіне басшылық етеді. Ал бос уақытында жер баптап, көкөніс өсірумен айналысады.
         – Бұл – бір жағынан хоббиім, екінші жағынан кәсібім. Егін егуге бала кезден қызығушылығым бар. Ақтоғайда туып-өстім. Туған жердің топырағын игеріп, одан өнім алғанды жақсы көремін, – дейді кейіпкеріміз.
 
      Ол өзіне тиесілі бір гектарға жуық жердің шамамен 25 соттығын көкөніс өсіруге арнайды. Егіннің берекесі жерді дұрыс дайындаудан басталатынын жақсы білетін ол жұмысты қыста-ақ жоспарлайды. Алқапқа қорда төгіп, жерді тегістеп, көктем келгенде тазалап, аударып, егіске дайындайды. Арнайы жасалған қауашақтарды пайдаланып, ерте көктемнен бастап тұқым себуге кіріседі.
 
      Жыл сайын түрлі көкөніс түрін егіп, қай дақылдың жергілікті табиғатқа бейім екенін тәжірибе арқылы анықтап келеді. Биыл әсіресе қиярдың түсімі көңіл қуантқан.
        – Биыл қияр жақсы шықты. Күн сайын шамамен 50 келі өнім алып отырдық. Еңбегіңнің нәтижесін көргенде ерекше қуаныш сезінесің. Өнімді өзіміз пайдаланамыз, артығын жәрмеңкеге шығарамыз, – дейді ол.
 
      Ақтоғайлық диқандардың өнімінің ерекшелігі де бар. Ауыл маңындағы Талдыбұлақ өзенінің суын пайдаланып өсірілген көкөністердің дәмі тіл үйіреді. Әсіресе табиғи су мен жердің құнарлылығы өнімнің сапасына әсер етеді.
             – Ақтоғайда Талдыбұлақ деген өзен бар. Көкөністерді сол бұлақтың суымен суарамыз. Мүмкін, содан болар, өнімдеріміз тәтті әрі дәмді шығады. Жәрмеңкеге апарғанда халық таласып алып жатады, – дейді Қайрат Шархиябекұлы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sarysu-zhanaaryk/press/news/details/1296360?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді