
Мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайту мақсатында Алматы қаласы Әділет департаментінің жұмыста өзін лайықты көрсеткен мемлекеттік қызметшілері туралы циклды назарларыңызға ұсынамыз.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Алматы қаласы Әділет департаментінің Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Меруерт Нүсіпханқызы Узакова.
Меруерт Нүсіпханқызы еңбек жолын 2009 жылы Алматы қаласы Әділет департаментінде бастаған. Көпжылдық қызметі барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласында мол тәжірибе жинақтап, кәсіби білімі мен жауапкершілігін таныта білді.
Қызметтік міндеттерін атқару барысында өзін сауатты, бастамашыл, жауапкершілігі жоғары және ұйымдастырушылық қабілеті қалыптасқан білікті маман ретінде көрсетті. Ол өз тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, оларға тәлімгерлік және практикалық көмек көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, Меруерт Нүсіпханқызы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарға белсенді атсалысады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында туындайтын мәселелерді түсіндіру, олардың алдын алу мақсатында өткізілетін дөңгелек үстелдерге, оқыту семинарларына, тренингтер мен ашық есік күндеріне тұрақты түрде қатысады.
Көпжылдық адал еңбегі мен қызметтік міндеттерін сапалы орындағаны үшін Алматы қаласы Әділет департаментінің алғыс және мадақтама хаттарымен марапатталған.
Мемлекеттік қызметтегі кәсібилік, жауапкершілік пен адалдық – азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың маңызды негізі. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Меруерт Нүсіпханқызы сынды білікті мамандардың еңбегі мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіруге үлес қосып келеді
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-almaty/press/news/details/1295551?lang=ru

Жауап қалдыру