Алматыдағы KitapFest кітап жәрмеңкесіне 50 мыңнан астам адам қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған екі күндік KitapFest кітап жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Арбатта өткен шараға 50 мыңнан астам адам қатысты.

Биылғы жәрмеңкеге 60-тан астам отандық баспа үйі қатысты. Екі күн ішінде келушілер түрлі жанрдағы 15 мыңнан астам кітап сатып алды.

KitapFest аясында авторлармен кездесулер мен қолтаңба сессиялары ұйымдастырылды. Өз кітаптарын Ақберен Елгезек, Мирас Кесебаев, Санжар Керімбай, Бақытжан Бұқарбай және басқа да авторлар таныстырды.

Арнайы алаңда жазушылармен, әдебиеттанушылармен және баспа саласының өкілдерімен кездесулер өтті. Олардың қатарында «SEN» және «MEN» кітаптарының авторы Азамат Скаков, жазушы Жалғас Қазыбек, тарихшы Сейілбек Мырзабай және Steppe world баспасының директоры Раиса Қадырқызы бар. Келушілер авторларға сұрақ қойып, әдебиет, кітап оқу және шығармашылық туралы пікір алмасты.

Шараның бағдарламасы концерттік қойылымдар мен дәстүрлі әндермен толықты.

«KitapFest-ке биыл үшінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Бүгін де жәрмеңкеге арнайы келдім. Бірнеше автордың жаңа кітаптарын сатып алдым және көптен бері іздеп жүрген шығармаларымды таптым. Әсіресе сүйікті авторымның қолтаңбасы қойылған кітапты алғаныма қуаныштымын. Жыл өткен сайын келушілер саны артып келе жатқанын байқап жүрмін», – деді Алматы қаласының тұрғыны Дана Үсенхан.

Екі күн ішінде KitapFest бір алаңда оқырмандарды, баспалар мен авторларды біріктіріп, Қала күніне арналған мәдени бағдарламаның маңызды шараларының біріне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-almaly/press/news/details/1296896?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді