
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің «Көлік саласының қазіргі жай-күйі және дамуы» тақырыбында көшпелі отырысы өтті.
Жиынға Комитет төрағасы мен мүшелері, Көлік министрлігінің басшылығы, ведомствоға қарасты ұйымдар мен салалық кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Отырыста Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин баяндама жасап, жол желісінің қазіргі жағдайы, оны дамыту және жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ автомобиль жолдарын одан әрі дамыту бойынша негізгі бағыттарды атап өтті.
Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын арттыруға, көліктік бақылау жүйесін жетілдіруге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Көлік министрлігінің «Цифрлық үкімет» тұжырымдамасы аясында іске асырып жатқан цифрлық шешімдері таныстырылды. Қатысушылар ведомство жұмысында жасанды интеллект технологияларын қолдану бағыттарымен де танысты.
Ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Бұдан бөлек, жол саласын дамытуға бағытталған ғылыми-технологиялық шешімдер, құрылыс сапасын бақылау және саланың ғылыми әлеуетін нығайту мәселелері бойынша арнайы бөлім ұсынылды.
Салалық кәсіпорындардың өкілдері заманауи бейнебақылау жүйелері мен жүк тасымалдарын цифрландыруға арналған шешімдерді, соның ішінде Smart Cargo платформасын таныстырды.
Көшпелі отырыс барысында көлік саласының қазіргі жағдайы, негізгі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, жол желісін дамыту, цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелері ашық талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/instructions/press/news/details/1296149?lang=ru

Жауап қалдыру