
Алматы онкологиялық орталығында енгізілген заманауи роботтандырылған технологиялар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға таныстырылды.
Күрделі аз инвазивті операцияларға арналған роботтандырылған хирургиялық жүйе үлкен тіліктер жасаудың орнына өте кішкентай тесіктер арқылы хирургиялық араласу жүргізуге мүмкіндік береді.
Онкологтардың айтуынша, аппараттың жоғары дәлдігі ірі қан тамырларының зақымдану қаупін барынша азайтып, қан құю қажеттілігін төмендетеді. Сонымен қатар робот көмегімен жасалатын операциялар кезінде асқыну, қабыну және инфекция түсу ықтималдығы төмендейді.
Бұдан бөлек, операциядан кейін пациенттер ауырсынуды айтарлықтай аз сезінеді, стационарда жату мерзімі қысқарады және қалыпты өмір салтына тезірек орала алады.
Хирург үшін робот операциялық алаңды үш өлшемді, бірнеше есе үлкейтілген форматта көруге, ең ұсақ жүйкелер мен қан тамырларын анық көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қозғалыстардың аса жоғары дәлдігі қамтамасыз етіліп, қолдың дірілі толық жойылады.
Одан кейін онкологиялық орталықта ведомство басшысына роботтандырылған дәріхана кешені және дәрілік препараттарды жабық, герметикалық жағдайда сұйылту жүйесі таныстырылды.
Бұл технология дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін – препараттарды қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды дайындау және пациентке беруге дейінгі барлық кезеңді автоматтандырады. Әрбір қаптамаға жеке цифрлық сәйкестендіру нөмірі беріледі. Соның арқасында препараттың бүкіл қозғалысын бақылап, онымен жасалған барлық әрекетті тіркеуге болады.
«Роботтандырылған технологиялар жекелеген процестерді жай ғана автоматтандырумен шектелмейді. Олар хирургиялық араласулардың дәлдігін, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қауіпсіздігін және емдеудің әрбір кезеңіндегі бақылауды арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ең алдымен пациенттің қауіпсіздігі мен мүддесіне бағытталған технологиялар», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
🩺 Бүгінде Алматы қаласында онкологиялық аурулары бар 38 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылда көрсетілетін емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есеге артқан.
Сонымен қатар бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46%-дан 75%-ға дейін өсті.
Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған шешімдерді енгізу онкологиялық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екені атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1297033?lang=ru

Жауап қалдыру