
«ОТБАСЫМ – МАҚТАНЫШЫМ»: БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ – ҚОҒАМНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Н.С. Кожабекова Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Отбасы күніне орай өткен «Отбасым – мақтанышым» атты тағылымды кездесуге қатысты.
Түркістан облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылып, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өнегелі отбасылардың тәжірибесін насихаттауға бағытталды.
Кездесу барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы мүшелерінің құқықтары мен өзара жауапкершілігі, бала тәрбиесі, отбасындағы қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар «Берекелі шаңырақ – бақытты ұрпақ», «Отбасындағы бақытты кім қалыптастырады?», «Біз бір-бірімізден не үйрене аламыз?» тақырыптары бойынша пікір алмасып, отбасы институтын нығайтудың қоғам тұрақтылығы үшін маңызына тоқталды.
Жиында Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, полиция майоры Айгерім Жарқынбек, Сауран ауданынан келген Әбдірахмановтар отбасы, «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева және психолог Жансая Өміртаева отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара барысында қатысушылар «Бақытты отбасы – бұл…» тақтайшасына отбасы бақыты туралы өз ойлары мен ізгі тілектерін жазды.
Отбасы – баланың құқықтары мен мүдделері қорғалатын, тұлғалық дамуы мен тәрбиесінің негізі қаланатын алғашқы орта. Берекелі және қауіпсіз отбасы – қоғамның тұрақтылығы мен ел болашағының берік негізі.
Кездесу соңында өнегелі отбасылар мен белсенді қатысушыларға сый-сияпаттар табысталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-turkistan-oblysy/press/news/details/1296721?lang=ru

Жауап қалдыру