Қазақстан архивтерінде өткен ашық есік күніне 15 мыңнан астам адам қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде дәстүрлі «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық ашық есік күні өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Құрылтай депутаттары, архив қызметкерлері, педагогтер, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Жобаның мақсаты – жастарға архивтің тарихи маңызын дәріптеп, ұлттық мұра және бірегей құжаттардың құндылығын насихаттау.

Қатысушылар үшін Ұлттық архив қорындағы құнды құжаттар қойылған көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырылды. Биыл бағдарлама интерактивті форматта өтті. Бастауыш сынып оқушылары қуыршақ театры әртістерінің танымдық қойылымын тамашалады. Сондай-ақ балаларға архив жұмысы жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнероликтер арқылы таныстырылды.

Көпшілікке бұдан 50-60 жыл бұрынғы оқушылардың күнделіктері, хаттар және басқа да жеке құжаттар көрсетілді. Арнайы шығармашылық алаңда балалар 50 жылдан кейін өмір сүретін ұрпаққа арнап хат жазды. Бұл хаттар Ұлттық архивке жарты ғасыр бойы сақтауға тапсырылды.

Тақырыптық іс-шаралар еліміздің өзге де мемлекеттік архивтерінде ұйымдастырылды. Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік архивінде Қаныш Сәтбаев, Күләш Байсейітова және Бауыржан Момышұлының жеке қорларындағы түпнұсқа құжаттар көпшілікке ұсынылды.

ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде материалдарды сақтау, цифрландыру және қалпына келтірудің заманауи технологиялары таныстырылып, оқушылар «Алматы – бақ қала» киноқұжатының үзіндісін тамашалады. Ал Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде сирек кездесетін және құнды құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, ашық есік күні жыл сайын еліміздің барлық мемлекеттік архивінде өтеді. Биыл республика бойынша 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 15 мыңнан астам адам қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1296430?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді